ЕЛБАСЫНЫҢ «ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА» ЕҢБЕГІНІҢ МӘН-МАҢЫЗЫ

Елбасы еңбектері арасында басқаларынан өзінің пайда болу объективтілігі жағынан да, мақсаты мен міндеттері жағынан да, мазмұны мен мағанасы жағынан да, демек, дерек көзі ретіндегі ерекшелігі жағынан да оқшау тұрған еңбек, ол 1999 жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Тарих толқынында” атты кітап. Елбасының, әлем мойындаған саясаткердің тарих толқынына ден қойып, елінің, ұлтының бүгіні мен келешегін сол тарих толқындары жалғастығынан іздеу себебі туралы автор кітаптың алғы сөзінде: “Кездейсоқ болмауы керек, Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағаналы нысанның өн бойында табиғат та, тарих та тоғысып жатыр. Қазақтар тарих толқынында…

Егер саясаткер бүгінмен ғана беттесер болса, онда олардың тағдыры анағұрлым жеңілдеу болар еді. Әрекет үстіндегі саясаткерлер, мейлі күйретуші немесе көркөйтуші болсын, олардың драмаға толы тірлігі қайткен күнде де тарихтың толқындарымен шендесіп жатады. Мұны саяси театр актерінің өзі сезіне ме, жоқ па, онда тұрған ештеңе жоқ. Гәп басқада – гәп жаңағы тарих толқындарымен шендестіріп жататын күштің таза практикалық немесе өткінші істерді бірде айқындап, енді бірде көлеңкелеп жататынында болса керек.

Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың “табын” сезінгендігімде деп білемін”-деп түсіндіреді. Демек, Елбасын тарихқа “алып келген” тарих сабақтастығы, “бүгінгі күннің оқиғалары” сырына тарих арқылы тереңірек үңілудің қажеттілігі.

Тыңдай білген адамға тарих тағылымы мол ұстаз, пайдалана білген адамға тарих теңдесі жоқ таным тәсілі. Ол бәріне де, оның ішінде саясаткерге де қажетті құрал. Сондықтан да Елбасы: “Тарихқа археологиялық зерттеулердің пәні тұрғысынан қарамай, бүгінгі өмірді танудың тәсілі тұрғысынан қарағанда “саясат” деген кінәмшіл үрдіс әрқашан алдыңнан шығып отырады.

Үшінші мыңжылдыққа санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-мағанасы неде, қазіргі Қазақстан үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда “МЕН” дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де тамырласып жатыр”-деп жазды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “Бүгінгі таңда, ұлттық тұтастығымызға тұғыр болатын азат мемлекеттігіміздің құрылысын беріктей түсуден мәнді мақсат та, міндетте жоқ”-деп, ұлт алдында тұрған ең басты міндетті атап көрсете келе, бұл міндетті орындаудағы тарихтың рөлі туралы: “Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаңның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс… Тарихтағы өз орныңды білу,бабаларыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!”-деп жазды.

Сонымен қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабының тәуелсіз Қазақстан тарихының жеке адамдық жазба дерек көзі ретіндегі басқа еңбектерінен басты айрмашылығы, автордың тәуелсіздік тарихының тамырын тарихтан іздеушілдігі. Егер, басқа еңбектерде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің пайда болуының объективті алғышарттары туралы айтылып, нақты мемлекет құру ісі бейнеленсе, “Тарих толқынында” сол мемлекеттің тереңнен бастау алған ірге тасы туралы айтылған.