ЕЛБАСЫНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚҚА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ
Ұлтаралық татулық, халықтар достығы — асыл қазына. Кеңестер одағының тұсында да халықтар достығы деген идеология жүрді. Алайда ол сырттай ғана жақсы көрінетін, оның үстіне күшті саясаттың және темірдей тәртіптің ырқымен жүргізілуші еді. Соның салдарынан сырт келбетімізбен «интернациональды мемлекет» болып көрініп, ішімізде алай-түлей болып тулап жатушы еді. Өйткені, сол кезде ұсақ ұлттың есесі кетіп жатушы еді. Тілдік мәселе сыңаржақ жүргізілетін, қызыл империя орыс шовинизмін үдеткен сайын үдететін. Ал қазақ және қазақ секілді басқа да халықтар кеңес тұсынан бергі ұлы құрбандықтарды бастан өткергендіктен бұндай саясаттан өлермен болып қорқатын.
Ал бүгінгі заман басқа. Елбасының кемеңгерлігі арқасында ешкімге күш салмастан-ақ таза, шынайы пейілмен, достық көңілмен қарым-қатынасты арттыру қолдау тауып отыр. Біздің достық, бейбітшілік пен түсіністік саясатымыз нағыз кісілік, жоғары адамгершілік достасу. Бізді ашық-жарқын, жүрекжарды түсіністікке Елбасы алып келді. Бұған ең алдымен елімізде тұрақтап қалған басқа ұлт өкілдері куә. Солардың ризашылық пейілі мен бұндай саясатты қолдауы да қазақ ұлтының алдына көп жауапкершілікті жүктейді. Осы мемлекеттің азаматы болғаннан соң ол ұлттар да біздің тілімізді, мәдениетімізді, тарихымызды құрметтеп, бізбен қанаттаса, сыйласа отырып, қатар гүлденуге ұмтылуда.
Ал әлемдік деңгейде, халықаралық мәселедегі ұлтаралық татулық, дінаралық төзімділік, халықтар арасындағы ынтымақтық дүниесіне келетін болсақ, бұл — шынымен әлемдік пролема. Күнделікті көретініміз қырғын. Еститініміз дау-жанжал. Оның ішінде ұлттар мен діндер аралық қақтығыс жан түршіктіреді. Ал «қырық темірдің қылауындай» болған Қазақстанда бәленбай ұлт бар, әйтсе де «шың» еткен дыбыс жоқ. Бәрі бір үйдің баласындай өмір сүруде.
Әрине, бұған қарап алаңсыз отыруға болмайды. Осы бірлігімізді, ынтымағымызды қызғанып, араға ши жүгірткісі келетіндер, ел бірлігін, ұлтаралық тыныштығын көре алмай отырғандар жоқ емес, баршылық. Берекемізді қызғанатындар да бар. Сондықтан да Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тыныштығын қорғауға, Президент саясатын қолдай отырып, елдің амандығын, ортақ болашақ пен кемеңгер келешек үшін күресуге ниетті болуы керек. Бұл әрбір азаматтың парызы. Бұл тек қана Елбасы ғана емес, барша қазақстандықтарға жауапты міндет. Әрбір ұлттың өкілі ұлтаралық татулыққа жұмылса игі. Сондықтан жұмыла жүк көтеріп, бір тілек пен бір жүректің астынан табылған мемлекеттің гүлденуі зор деп білемін.