ЕЛДЕГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУДІҢ АЛҒАШҚЫ КӨРІНІСТЕРІ
Мемлекетіміздің тоқсаныншы жылдардың ортасында қатаң тәртіппен жүргізген ақша-несие саясаты, ең алдымен, бағаның өсуін тежеуге, бюджет тапшылығын қысқартуға, мемлекеттік шығыстарды азайтуға бағытталды. Осындай сындарлы саясат арқасында 1996 жылы теңге бағамы тұрақтанып, ақшаның құнсыздануы белгілі бір шектен асқан жоқ. Экспортқа бағытталған салалардағы өндіріс жанданды. Қолайлы іскерлік ахуал шетелдік инвестициялардың одан әрі өсуіне себепші болды. Жетекші әлемдік қаржы институттарымен тең құқылы әріптестік байланыс жолға қойылды. Жекешелендіру арқасында мемлекеттік бюджетке айтарлықтай қаржы түсіп, 1996–1997 жылдары бюджеттің кіріс бөлігінің 20–30 процентін құрады. Сол жылдарда жеке жобалар бойынша жекешелендіріліп, шаруасын дөңгелетіп әкеткен кәсіпорындар, бүгінде ірі және тұрақты салық төлеушілеріміз болып отыр. Ақшаның құнсыздануын төмендетуге арналған шаралар, қаржылық сектор мен кәсіпорындар реформасы, инвестиция салуға ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, басқаруды орталықсыздандыру және кезең-кезеңімен жекешелендіру шаралары ел экономикасын қысқа мерзім ішінде сауықтыруға мүмкіндік берді. Өтпелі кезеңде экономикалық құлдыраудан қашып құтылу мүмкін емес. Егер тәуелсіздікке қолы жеткен жас мемлекеттер әуел бастан-ақ экономикалық одақ құрып, өзара тиімді қарым-қатынас орнатса және ынтымақтаса жұмыс істесе, экономикалық құлдыраудың алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай, бұлай болған жоқ. Соның салдарынан бытыраңқылық жағдайында экономиканың дамуына қол жеткізу 1996–1997 жылдары ғана мүмкін болды. Қазақстанда ішкі жалпы өнім 1996 жылы – 0,5 процент, 1997 жылы – 1,7 процент өсті, сәйкесінше өнеркәсіп өндірісінің көлемі, 0,3 процентке және 4,1 процентке артты. Үкімет экономикада оң серпін сақталады және алдағы екі-үш жылда ішкі жалпы өнім 2–3 процент өседі деп есептеді, бірақ 1997–1998 жылдардағы халықаралық қаржы нарығындағы жаһандық күйзеліс бұл жоспарымыздың орындалуына мүмкіндік бермеді.