ЕЛІМІЗДЕ СОҢҒЫ 2 ЖЫЛДА ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ САНЫ АРТТЫ

Бүгінде БҒМ ғылым саласына жастарды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде соңғы 2 жылда елімізде жас ғалымдар саны 8 000-нан 9 200-ге дейін артты.

«Жастардың ғылым саласына келуі оларды қызықтыратын жағдай жасалып жатқанын білдіреді. Жас зерттеушілерді қолдау үшін мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында ғалымдар саны артты. Ғылым саласын бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге жуық өсті. Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Егер бұрын гранттар конкурсы 3-5 жылда бір рет өткізілетін болса, қазір олар жыл сайын өткізіледі. Есеп беру азайды, бюрократиялық кедергілер жойылды. Жас ғалымдар үшін жеке гранттар қарастырылған. Магистранттар мен докторанттардың стипендиялары айтарлықтай өсті. Жас зерттеушілерге арнайы сыйлықтар тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Осылайша, жас ғалымдардың ғылыми идеялары мен әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатыр», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының (БҚПҒЗИ) ғылыми қызметкері Руслан Әбітаев – отандық «QazVac» вакцинасын әзірлеуге қатысқан жас ғалымдардың бірі. Ол бақылау, биологиялық технологиялар зертханасында жұмыс істейді және вакциналардың қауіпсіздігі мен иммуногенділігін тексереді. Руслан 28 жаста және ол жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың айтарлықтай артқанын атап өтті.

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ауқымды жұмысының нәтижесінде бүгінгі таңда жастарға ғылыми жаңалықтар ашуға, зерттеу жұмыстарын жүргiзуге барлық мүмкіндік жасалған.