ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ САЙЫН 50 ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ 5 МЛН ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ СЫЙАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мәселен, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Тағы бір маңызды жайт, 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар – коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б гранттар. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады.
Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр.
Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз.
— Біз үшін жас ғалымдарға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан заңға енгізілген өзгертулер арқасында жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылатын болады. Ғалымдарымыздың жобалары жетістіктерге жету үшін – оларға қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан саладағы қағазбастылықты барынша азайтып, жастарды ғылым саласына тартып жатырмыз, — деп жазды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында.