ЕЛІММЕН МАҚТАНАМЫН
Менің туып-өскен жерім – егеменді Қазақ елі. Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Әсіресе маған халқымның ұлттық ойындары, мерекелері, табиғаты, салт-дәстүрі, бала тәрбиесіне деген көзқарастары тағы да басқа толып жатқан құндылықтары ұнайды.
Еліміздің ұлттық мерекелері, ойындары өте мағыналы әрі қызықты. Мысалы Наурыз мерекесі. Наурыз мерекесінде көптен күткен күн мен түннің теңелуі ерекше орын алады. Осы бір сәттерде табиғат қана емес, адам баласы да, тіптен күллі әлем де жаңарады. Бұл мереке бағзы заманнан келе жатқан мереке. Наурыз мерекесінде ұрыс-керіс, соғыс атаулы тоқтатылып, өткен-кеткен өкпе, реніштердің бәрі де кешіріледі. Осы күндері жағдайы нашар адамдарға байқуатты жандар көмектеседі, адам баласы алдына үлкен мақсаттар қойып, үй-үйге жақсы тілектер тілеп, мақсаттарының орындалуын тілейді. Наурыз мерекесінің ең басты дәстүрінің бірі жеті түрлі дәмнен жасалған «наурыз көже» тағамы. Бұл Тағамды көбірек ішкен адамның жыл бойғы ырысы мол болады деген наным бар. Тек Наурыз мерекесінде ғана емес, сонымен қатар басқа да мерекелерде қазақ халқының ұлттық ойындары ойнатылады.
Қазақтың ұлттық ойындарына жеке тоқталмасқа болмас. Олар: көкпар, қыз қуу, жасырынбақ, арқан тарту, алтыбақан тебу, ақсүйек, ұшты-ұшты, ханталапай тағы басқалары. Осы ұлттық ойындар баланы епті, күшті, жылдам әрекет етіп, тез шешім қабылдауға баулиды. Осы ойындар арқылы да балаға жас кезінен бастап тәрбие бесігін аша бастаған.
Қазақта бала тәрбиесіне туғаннан бастап өте қатты көңіл аударады. Себебі бала болашақтың кепілі екенін білген. Қыз бала болашақ — ана, ер бала– болашақтағы ел қорғаны. Соған байланысты ел арасында түрлі тыйым сөздер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер бар. Осылардың бірқатары: «Ата — бәйтерек, бала — жапырақ », «Қызға қырық үйден тыйым», «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді», «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала », «Сақалын сатқан қариядан, еңбегін сатқан бала артық». Мынадай мақалдар баланы жаман әдеттерден жирендіріп, жақсы әдеттерге тәрбиелеуге бейімдейді. Әр ата-ана баласына халқымыздың бай ауыз әдебиеті мұраларын айтып, үйретуді естен шығармаған. Осыны санасына құйып өскен бала өскенде халық үшін қызмет ете алатын, жерін қорғайтын, кең жүректі азамат болып ер жетеді.
Тарихымызға көз сүзіп қарар болсақ, небір қиындықтарды басынан кешірген. Соған қарамастан бүгінгі таңда Тәуелсіз мемлекет атанып отыр. Бұның түп қазығы еліміздің ежелден келе жатқан асыл мұралары, бай – тарихы, азат тілі, намысты қыз, ұлдары. Бұл кезде Ана тіліміздің еңбегіне баса көңіл аудармасқа болмас. Қазіргі таңда тілін шұбарлап, оны бағаламай сөйлеу сәнге айналып бара жатқандай. Бұл – нағыз мәдениетсіздік.
Ахмет Байтұрсынұлы «Егер екі мемлекеттің бірі – бай, бірі – кедей болса да, бірақ кедей мемлекеттің жастары ынталы, оқыған, білімді, өнерлі болса, ал бай мемлекетте байлығымен ғана мақтана білсе, онда кедей мемлекет болашақта бай мемлекетті шаңында қалдыратыны сөзсіз» деген екен. Осыдан көп ой түюге болады. Сол себепті мынадай тәуелсіз елде, жерде туған жас ұрпақ білімді, оқыған, көзі ашық болуы керек. Еліміздің керегесі кең, көсегесі көк болуы жас ұрпақтың қолында.
Болашақта біз, Тәуелсіз елдің ұландары еліміздің терезесін тең, шаңырағын биік етіп ұстауға міндетттіміз. Сонда барып Әлем елімізді танитын болады.
Жұмаш Айдана Ерболатқызы
Жетекшісі: Садырбекова К.Б.