ЕЛІН СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қадым замандардан келе жатқан қағиданың ерекше айқын дәлелдерінің бірі елдің санасында Қазақстан, Назарбаев, Астана – бүгінгі Нұр-Сұлтан ұғымдарының өзара үйлесіп, табиғи тұтастанып, ажырағысыз бірегей мағынаға айналып кеткені дер едік.

Бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ, абыз Қорқыт Атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» деген тәмсілі тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолында кездескен барша қиындықтар мен күрделі кезеңдер кемеңгер Көшбасшының ерекше қажыр-қайратымен еңсерілгенін айқындай түседі.

Әлемдік саясаттанушылар Елбасы есімін Джордж Вашингтон, Кемал Ататүрік, Шарль де Голь, Ли Куан Ю сияқты жаһандық деңгейдегі тұлғалармен қатар қоюы да көп жайтты аңғартса керек. Ұлыбритания Премьер-министрі, «Темір ханым» Маргарет Тэтчердің: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», – деген сөзі осыған дәлел.

Елбасымыздың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары күйзелген елдің еңсесін тіктеп, қазақтың сайын даласын бірлік пен ынтымақтың бесігі ретінде орнықтыруы, әсіресе Қазақстанды адамзат тарихындағы тұңғыш рет ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бейбіт елге айналдыруы тәрізді батыл қадамдары ерлікпен пара-пар елдік істер еді. Бұл шешім адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды. Осылайша, 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп арнайы бекітілді.

Саяси қайраткерлер өмірін зерттеушілер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи тұлғасын зерделеуде оның ең әуелі ішкі тұрақтылықты және халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз ете алуы мемлекетті жаңаша қалыптастыру ісінде зор рөл атқарғанын алға тартады.

Егемендіктің бастапқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны барша ел халқының жартысына да жетпеуі
тәуелсіздікті қолда нық ұстап қалуға едәуір қауіп туғызғаны ақиқат.Сондай күрделі кезеңде Президент елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес екенін, заманауи қуатты мемлекет құру жолында жұмылған жұдырықтай бірге еңбек ету қажеттігін сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп берді. Расында, Елбасы ешбір мемлекетте болмаған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде жемісті істерге жол ашты.

Дана Көшбасшының тәуелсіздікті нығайтудағы және мемлекеттілік тамырын тереңдетудегі батыл қадамдарының бірі – елдегі бірлік пен татулықты орнықтыруымен қатар еліміздің белортасындағы берекелі мекенге астана салу жөніндегі тарихи шешім қабылдап, оны іс жүзіне асыруы. Тарихшылар арасында айтылатын Александр Македонскийге әкесінің: «Ең алдымен Афина туралы ойла. Афина – ел емес, қала емес, ол – Идея» деген сөзі біздің бүгінгі күн сәулетті Елордаға қаратып айтылғандай. Нұр-Сұлтан қаласы – жаңарған тәуелсіз Қазақстанды құрудағы Елбасының бірегей идеясының жүзеге асқан асқақ шыңдарының бірегейі.

Халқымыздың «Орда тігер жер ме екен, бауырласар ел ме екен?» деген даналығының астарында терең ой жатыр. Ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойына барынша сіңірген ел Президенті Елорданы көшіруде «Қонысың жайлы болмай, тірлігің сайлы болмас» деген халық ақылына сүйенді. Бұрынғы Ақмоланың тоғыз жолдың торабында орналасуы және сан салалы инфрақұрылымының қалыптасуы, ең бастысы, байтақ республикамыздың барлық өңірін байланыстыруға ыңғайлы кіндік тұста орын тебуі ерекше ескерілгені мәлім.

Бүгінгі Нұр-Сұлтан – жай ғана рәміз, Елорда, мегаполис емес, бүгінгі Нұр-Сұлтан – тәуелсіз Қазақстанның киелі құндылығы.

Еуразия кіндігіндегі өркениетті елі, өрісті жері, өсіп-өнген халқы бар Қазақстан Республикасы бірегей саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың дана стратегиясы, көреген саясатының арқасында ХХІ ғасырда қуатты нарықтық экономикасымен, заманауи саяси-демократиялық жүйесімен, азаматтық қоғамымен алға қарай аршындап дамып келеді.

Елбасы туралы ой толғау оңай емес. Тұңғыш Президентіміздің еліміз үшін сіңірген ерен еңбегінің терең бағасын берер бір сөз іздегенде ойымызға «ерлік» сөзі орала береді. Расында, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл өмір жолы туған Отаны – тәуелсіз Қазақстанды барша әлемге танымал, еңсесі биік мәртебелі мемлекетке айналдырсам деген биік мұратпен суарылған елдік жолындағы ерлікке толы екені айдай ақиқат.

Тарих болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Елбасымыз айтқандай, «Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын!»

Тәуелсіздігімізге ешкім сына қақпасын, тұғыры мәңгілік берік болсын!

Елі сүйген, елін сүйген кемеңгер Елбасымыз аман болсын!

Гүлшара Әбдіқалықова,

Қызылорда облысының әкімі.