ЕЛІНЕ ҮЛГІ ЕЛБАСЫ

Елбасы – қазақ халқының маңдайына біткен бақыт, тағдырына жазылған теңдессіз сый дер едім мен. Ол кісі Ұлы Даланың ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан кемеңгер тұлға. Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сындарлы сәттерде сарабдал, салмақты саясатымен елді сүріндірмей, дамудың даңғыл жолына жетелеген Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев – ХХІ ғасырдың әлем мойындаған қайраткері.

«Дәуір алмасып жатқан кезеңде өмір сүрме» деген тағылымды сөз бар. Бұл сөздің мәні терең, маңызы зор. Өйткені дәуірдің алмасуы ел тізгінін ұстаған азаматтарға зор сенім жүктейді және орасан міндет артады. Міне, тоқсаныншы жылдардағы қиын сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы елдің сенімі мен үмітін арқалады. Арып-ашып, жадап-жүдеп, жадынан, санасынан айырылудың алдында тұрған елге шамшырақ болды. Бақытты өмірге бағыт сілтеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашатын жүйелі жоспарлар құрды. Сол кездегі қажырлы еңбектің нәтижесінде қазақ халқы бодандықтың тас бодауынан босап, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін айқара ашты. Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, тірлігі жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, еңсесін тік көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне нық көшті. Түрлі мехнат-қиындықтар ұмыт бола бастады. Бірнеше жылдың ішінде Ұлы Далада Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті егемен елдің Тұңғыш басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Ұлт Көшбасшысы ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, ел-жұртты сынақтан, күрделі кезеңнен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Сондықтан да тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың қазынасын молайтып, қабырғалы ел етіп, әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігін қалай үлгі етсек те, қалай мақтасақ та жарасады.

ӘШІМ ЕРКЕ.