Елордалық оқушыларға квестің көмегімен қауіпсіздік ережелері үйретілді
Өрт қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың аясында бүгін «MEGA Silk Way», «СарыАрка» және «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталықтарында «Қауіпсіздік мектебі акциясы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шараға 13-14 жастағы 500-ге тарта мектеп оқушысы қатысуда. Олардың жартысы «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында өтіп жатқан акцияда өз білімін ортаға салып жатыр.
Сауда ойын-сауық орталығында елорданың № 1, 3, 6, 15, 45 және № 54 мектептерінің оқушылары қауіпсіздік ережелерін қаншалықты білетіндерін көрсетуде. Ең кішкентай келушілер үшін екі кезеңнен тұратын квест-ойын ұйымдастырылды.
Ойынға 10 адамнан тұратын 6 команда қатысып жатыр. Алғашқы кезеңде командалар «құтқарушылар» рөлін сомдады. Ойын барысында қатысушылар өз білімін жақсы көрсете алып, алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде тапқырлық танытты.
Екінші кезеңде қатысушылар «зардап шегушілер» болды. Бұл кезеңде олар СОСО нысандарына барып, тиісті тапсырмасын орындап, қауіпсіз алаңдар мен шығу есіктерін іздеді.
Ойын бағдарламасының ұзақтығы екі сағатты құрайды. Осы уақыт аралығында балалар өз ептілігін, зеректігі мен жосығы, білімі мен қабілеттерін танытып қана қоймай, апатты жағдайда өзін-өзі қалай ұстау қағидаларын меңгерді.
Мектеп оқушылары мұндай шаралардың пайдалы да қызықты екендігін атап өтеді.
«Мен мұнда төтенше жағдай орын алғанда өз-өзімді дұрыс ұстау қағидаларын меңгеріп, командада жұмыс істеуді үйрендім. Біз басқаларға үлгі бола ала аламыз деп ойлаймын. Мектеп оқушылары үшін осындай шараның ұйымдастырылғаны қуантады», -дейді № 6 мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы Асылхан Жабағин.
Ойын аяқталған соң, шара қонақтарының алдында М. Өтемісов атындағы мектеп оқушылары сарайының шығармашылық тобы мен елордалық әртістері өнер көрсетті.
Астана қаласының ТЖД қолдаған шара елорда әкімдігінің бастамасымен «Біз қауіпсіз қала үшін» акциясы аясында өтуде.