ЕЛОРДАНЫ КӨШІРУ ЖӘНЕ АСТАНА ҚҰРЫЛЫСЫ

Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім. Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Бір сөзімде атап көрсеткенімдей, қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі. Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді. Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асты. Астана туралы мәселені кейінге қалдыруға болмайтын еді. Көп созбай, жаңаны ескінің құндағынан «аршып алып», тәуелсіз Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесін жасау қажет болды.

Сол кезде көлік инфрақұрылымының да үлкен маңызы бар еді. Бұл жағынан қарағанда да, қала көңілімізден шықты. Ақмолада республика аймақтарын және көршілес мемлекеттердің шекаралас өңірлерін байланыстыратын ірі темір жол торабы тоғысатын. Қазақстандағы негізгі қатынас құралы темір жол болғандықтан, жаңа астананы таңдаған кезде қаланың осы артықшылығына айрықша көңіл бөлінді.

Экологиялық фактордың да рөлі аз болған жоқ. Ақмола зілзаладан қауіпсіз аймақта орналасқан еді. Жер ресурстарының байлығы, сулы-нулы өзендерінің болуы, Бурабай курортты аймағының жақындығы қала төңірегінде қолайлы микроклимат қалыптастыратын экологиялық жасыл белдеу құруға мүмкіндік туғызатын. Ескі қала маңындағы бос жатқан жерлерде керемет әсем сәулеттік жобаларды іске асыруға емін-еркін, батыл кірісуге болар еді. Астананы жаңа жерге көшіру елдің саяси-әкімшілік элитасын да жаңғыр тып-жаңартуы тиіс болатын. Билікке ескі сүрлеуді шиырлай бергісі келмейтін жаңа саяси күштердің қосылуы республикадағы мемлекеттік және әкімшілік басқару жүйесінің дамуына тың серпіліс әкелері анық еді.

1990-шы жылдардың басында жаңа астана жобасының келешегі зор, ерекше батыл жоба екенін айтып, әділ бағасын бергендер аз болды. Бір қарағанда тосын жаңалық сияқты көрінетін мұндай тың бастаманың келешегі кемел екенін ұғыну үшін ой алғырлығы, республика жағдайын терең зерделей алатын білім-білік пен пайым-парасат қажет еді. Мұндайда алысты болжай білетін ішкі түйсік те, қиядағыны көре білетін қырағылық та, сондай-ақ саяси және әкімшілік қызмет мектебінің тәжірибесі де керек.  Ақыр соңында «Ақмола – жаңа астана болуы тиіс!» деген берік байламға тоқталды.