ЕЛТАҢБАМ — ЕЛДІГІМ
Кез келген мемлекеттің дербестігін, тәуелсіздігін айқындап тұратын өз белгілері мен рәміздері болады. Тіпті, ата-бабамыз ру, тайпалық кезеңдерде де әр рудың өз белгісі салынған жалауды көтеріп жүрген деседі.
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.
Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Біздің бүгінгі Елтаңбамыз 1992 жылы 4 маусымда қабылданған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбаның негiзi — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi.
Түндік — таза көк аспанын бейнелейді. Үш-санды айқыш-ұйқыш келген күлдреуіштер қазақтың үш жүздін бірлігі бекемдігін көрсетеді.
Шаңырақтан шыққан уықтар күн арайларын еске салады.
Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.
Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi.
Төменде таспа белдігінде ірі әріппен «QAZAQSTAN» деген жазуы бар.