ЕҢ ҚҰНДЫ ВАЛЮТА
Уақыт – ең құнды дүние. Оны кері қайтара алмайсың, 10 жылдан соң не болар екен деп алдыға жылжыта алмайсың. Азайтуға да, көбейтуге де күшіміз жетпейді. Қазіргі техника дамыған, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманда барлық нәрсе уақытты үнемдеу үшін еңбек етіп жатқандай. Әйтсе де, уақыттың үнемделген сайын құны артуда. Бұрын жолға 2-3 күн уақытын жұмсайтын қазақ қазір әуежайда артық күткен 10-15 минут үшін шу шығарады. Себебі, уақыт қымбат. Сол 10-15 минут уақыттың ішінде телефон не интернет арқылы әлемнің кез-келген нүктесімен байланысып, бір шаруаны шешіп тастауға болады.
Барлығымызға бірдей берілген 24 сағаттың әр минутын орнымен жұмсап, жетістікке жетіп жүргендер аз емес. Біз де уақытты шығын қылмау жайлы ойлансақ керек. Әйтпесе, жылымыз – айдай, айымыз – аптадай, аптамыз – күндей болып зулап барады. Ал, істелген ісіміз, орындалған ойларымыз қаншалықты?
«Уақытты жоспарлауға кеткен уақытыңды бос өтті деп ойлама» деген екен білетіндер. Уақытты дұрыс жоспарлауды, уақытты басқаруды үйрететін «Тайм менеджмент» деген іргелі ғылым пайда болды. Яғни, сұраныс бар. Адамдар уақытты дұрыс жоспарлау арқылы көбірек жетістікке жететінін білді.
Қалыпты өмірде 24 сағаттың 8 сағаты ұйқыға, 16 сағаты әр түрлі іске жұмсалады. Осы тұста күніміздің үштен екі бөлігін өнімді өткізу жайлы бірнеше кеңестермен бөлісе кетсек:
- Жоспар. Күнделікті ұйқыға жатар алдында ертеңгі істелетін істерді нақтылау. Күннің қай бөлігінде жасалады? Қанша уақыт кетеді? Барлығын нақты көрсету. Міндетті түрде жолдың басына «Алла қаласа» деп жазуды ұмытпаңыз!⠀
- Өз ресурсыңызды нақты бағалаңыз. Күніне 20 істі жоспарлап қойып, орта жолда орындалмай қалса, жүйкеңізге жүк түседі. «Менің қолымнан келмеді» деп алдыға басқан қадамыңыз артқа кетпес үшін нақты шамаңыз жететін 5 істен бастаңыз.
- Таңғы берекені пайдаланып қалу. Ерте тұрған ердің ғана емес, барлық жанның ырысы артады. Бұл жайлы хадисте де «Таңғы уақытта береке бар» делінген. Таңда ерте тұрып, сергек күйде істелген істің нәтижесі 2 есе.
- Марапат. Әр күнге жоспарланған 5 ісіңіздің барлығы орындалса, апта соңында өзіңізді кішігірім сыйлықпен қуантыңыз. Бұл алдағы аптаға тамаша мотивация болады.
- Уақытты шығындайтын барлық бос істерден бойыңызды аулақ салыңыз. Тіпті, әлеуметтік желідегі пайдасыз парақшаларды да өшіріп тастаңыз. Смартфоныңызда тек аса қажет деген қосымшалар қалсын. Оларды да шолып шығатын арнайы уақыт белгілеңіз.
- Өнімді уақыттың алтын қағидасы – БҮГІНГІ ІСТІ ЕРТЕҢГЕ ҚАЛДЫРМАУ. Аз-аздан болса да әр істі дер кезінде жасау жиналып қалып ұзаққа созылған жұмыстан әлдеқайда тиімді.
Міне, осы қарапайым ережелерді қолға алуды бастасаңыз, аз уақыттан соң-ақ нәтижесін көре бастайсыз. Бүкіл өміріміздің берекесінің артуы бір күндігімізді жоспарлаудан басталады.
Ақындар жырға қосқандай:
«Мен үшін әр күн – ұлы күн,
Құдайға шүкір, тірімін.
Бір минут уақыт деген сөз,
Бір үзік менің ғұмырым…»
Минуттарыңыз мәнді, сағаттарыңыз сапалы болсын! Әр күні істелген істеріңіз жетістіктерге жетелесін!
Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.