ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕЛБАСЫ

Жаз жайлауға, қыс қыстауға қоныс аударған қазаққа мезгіл сайын көшу таңсық емес. Ал осы көштің ұзар басында жайлы жерді, халыққа құтты болар қонысты білетін, сол көшті бастайтын көшбасшы керек. Ел сенім артқан сол көш тізгінін ұстаған адам елжанды, кемеңгер болса, артынан ерген жұрттың тұрмыстық әлеуеті жақсы болмақ. Міне, небір ұлы көштерден өтіп, нәубетті жылдарды артқа тастап, өткен ғасырдың аяғына қазаққа бақ дарығанда, көшбасшылық тізгінді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз қолына алды. Бодандықтың құрсауынан шыққан дүйім ел құрыш қолды, болаттай мықты азаматты ел Президенті етіп сайлап, зор сенім артты. Сенім жүгін арқалап, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті атанған Ұлт Лидері жас мемлекетті аз ғана уақыт ішінде адам сенгісіз жетістіктерге жеткізді.
Егемендікке қол жеткен тұста халықтың жағдайы мүшкіл болғаны рас. Барлық сала төрттағандап, оларды ілгерілетуге ілкімді істер қажет болды. Ең алдымен, ел экономикасын өркендетпесе, еңсесін енді тіктеген халықтың құты қашпақ. Осыны білген Ұлт Көшбасшысы көрегендігімен, салиқалы саясатымен дамудың даңғыл жолын салды. Барлық салаға тың серпін беріп, тұралап қалған жұмыстың өн бойына қан жүгіртті. Болашақты бағамдай білетін саясаткер стратегиялық бағдарламаларды іске асырып, осы жолда барша қазақстандықтарды жұмылдырды. Берекелі іске ұйыса білген халықтың тұрмыстық жағдайы түзеліп, ел экономикасы еселей түсті.
Ішкі тұрақтылық қалыптасқаннан кейін Ел Президенті сыртқы саясатқа да мән берді. Сындарлы сәттерден сүрінбей өткен елдің көреген Көшбасшысы мемлекет дамуына сыртқы саясаттың ықпалы зор екенін біліп, шет елдермен байланысты нығайтты. Әрине, ол үшін де сарабдал саясат қажет. Әр мемлекет өз мүддесін ойлайтыны анық. Осы тұрғыда, дарынды реформатор Қазақстан мүддесін қорғай отырып, сырт мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсартты. Тіпті, әлем елдері Қазақстанның қарқынды дамуына таңғалыспен қарап, кемеңгер Елбасының ерен еңбегіне жоғары баға берді. Түйткілді мәселелерде Мемлекет басшысының пікірімен бөлісетін болды. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын сәт те туды. Сол шақта Елбасы көптеген этнос өкілдері бір шаңырақ астына топтасқан Қазақстанды үлгі ете отырып, әлемдегі татулықтың сақталуына үлес қоса білді. Бұл тұрғыда, өзінің төл туындысы саналатын Астананы тұрақтылық пен татулықтың орталығына айналдырып, бас қалада түрлі келелі кеңестер өткізіліп келеді. Оның төрінде әдеттегідей кемел келешекке көз тастайтын, салиқалы саясатпен байыпты қадам жасайтын Елбасы отырады. Әлем жұрты жиналғанда шартарапқа ұнамды ұсыныстар айтып, елдердің ынтымақтастығын көздейді. Міне, осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын ел сенген Елбасы бүгінде қазақ елінің көптен армандаған азаттығын тұғырлы етіп, жаһандағы орнын айқындап берді. Осындай ерен еңбегінің нәтижесінде қазіргі таңда әлем жұртшылығы Ұлт Көшбасшысының елді басқару шеберлігіне, көрегендігіне, тұғырлы тұлғалығына тәнті болуда.
Мемлекетте өндіріс ошақтары көбейіп, әлеуметтік-экономикалық даму дараланып, өркендеуі өрістегенде, Елбасы тарихи сананы жаңғыртуға аса мән берді. Бұл арада Ел Президенті өткенге үңіле отырып, өшкенді жандырып, қазақ халқының құндылықтарын түгендеуді көздеді. Болашақтың бағдары рухани жаңғыру екенін ұқтырып, ұлт болып қалудың ұлы мұраты түпкі негізде екенін жеткізді. Өткенге көз тастап, бүгінге байыппен қарап, болашаққа бағдарлы бағыт жасау – Ұлт Көшбасшысының басты мақсаты, негізгі ойы. Осы үшін де елін сүйетін Елбасыны халық шын құрметтейді, қайраткерлігін жоғары бағалайды.
Азаттықтың алғашқы жылдары Мемлекет басшысы басты құндылықтарды белгілеп, оны Заңмен бекіткен еді. Мемлекеттік тіл, Мемлекеттік Рәміздер, басқа да құндылықтарға халықтың құрметпен қарауын міндеттеді. Шекаралас мемлекеттермен де шекараны заңды түрде бекітіп алуда қарқынды жұмыс жүргізді. Осы тұста, Елбасының ерен ерлігі туралы ел аузында жүрген мына әңгіме мәртебелі құрметке лайық екенін тағы аңғартты.
Өзі Қазақстан 5 мемлекетпен шакаралас. Оның барлығымен де қазақ жұрты шекараны шегендеп тұрып, бекітіп алған. Оның ішінде, Қытаймен шекара бекіту деген нағыз ерлікпен пара-пар. Бұл нағыз саясаткер Елбасының арқасында ғана жүзеге асқан жұмыс. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР-дың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминьнің өзара достығы және мемлекет басшыларының бір-біріне деген шынайы сенімділігі шекараны бекітуге септігін тигізді. Сол жылдары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанда, екі елдің шекара мәселесі жөнінде келісімге келуі мүмкін емес деген пікірлер де айтылған болатын. Ал ғасырлар бойы мойындалмай келген біздің аумақтық тұтастығымызды алып Қытайдың мойындап, шекара туралы шартқа қол қойғаны әлемдік қоғамдастықты қайран қалдырды. Өйткені, Қазақстан Республикасы – бұрыннан Қытаймен шекаралас жатқан 15 мемлекеттің ішінде Қытай үкіметінің келісімімен шекара аумағының 100 пайызын тиянақтап, ара-жігін ашып алған бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ, Қытайдың тарихта өзімен шекаралас жатқан елдердің ешқайсысымен осыған байланысты келісім жасауға ешқашан мүдделі болмағаны тағы бар.
Осындай келіссөз жүргізілетін кездесу алдында қытай шенеунігі Елбасының қолынан қағып кетеді. Сол кезде Мемлекет басшысының маңдайы қызарып, ашуға булықты дейді. Бәрі уақытпен өлшенген. Сол екі ортада Мемлекет басшысы кездесуге шақырылады. Сондай сын сәтте Елбасы түк болмағандай ашудың бәрін жиып тастапты. Неге дейсіз ғой? Өйткені, оның артында қаумалаған қазақтың тағдыры тұр. Алты алаштың жүгі бар. Ол кезде Ұлт Лидері жеке бастың эмоциясына салынбай, ұлттың мүддесін ойлады. Сөйтті де шекараны шегендеп алды. Болған жағдайды естіген Қытайдың төрағасы да Мемлекет басшысына риза болып, сол арада келісімге келген. Осындай ерлігі үшін де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты заманның кемеңгері, ұлттың көшбасшысы, дарынды саясаткер дейміз.
Жалпы, Тұңғыш Президенттің тәуелсіз елдің іргетасын қалап, шаңырағын көтерген, баржоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, өзіндік дара жолы ел тарихында алтын әріптермен жазылуда. Елдің елдігі мен жердің тұтастығын сақтап қалу, болашақ ұрпаққа атабаба мұрасын мирас ету жолында жүргізілген Ұлт Көшбасшысының салмақты саясатының жемісі әркез жоғары құрметке лайық.
Е.БЕРКІНБАЕВ,
журналист