ЕНДІ “ASHYQ” МӘРТЕБЕСІ ЖАНЫП-ӨШІП ТҰРАДЫ
Енді Ашық қосымшасында қолданушылардың мәртебесі өшіп-жанып тұрады. Бұл шешім үй карантинінде отыруы тиіс көптеген азаматтардың мекемелерге кіруге оқталғанынан кейін қабылданды.
Шымкентте де мұндай жағдай көп кездеседі. Олардың басым бөлігі өзге қолданушылардың скриншоттарын пайдаланады екен. Енді оларға арнайы жаза тағайындалуы мүмкін.
Енді Ашық қолданушыларының мәртебесі жанып-өшіп тұрады. Мұндай жаңашылдық скриншот арқылы алдамақ болғандарға тұсау болмақ. Яғни, мекемелерге телефон экранынан ескі мәртебені «скрин» жасап кіргісі келетіндер енді мұндай әрекетке бара алмайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің айтуынша бұл қорғаныс скриншоттарды түсіруге ғана емес, сонымен қатар экранды жазуға да мүмкіндік бермейді екен.
Юлия Якупбаева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары: «Ashyq қосымшасының жасап шығарушыларынан тағы бір жаңалық: телефон экранын «скриндеп» алуға тосқауыл, мәртебе жанып-өшіп тұрады әрі айқын көрінетін болады».
Бұған дейін қазақстандықтар мейрамханаға немесе сауда орталығына кіре берісте басқа біреудің мәліметтері бар қарапайым суретті көрсетіп, әкімшілікті жиі сан соқтырып келген еді. Шымкентте бір емес бірнеше мәрте мекемелерге қызыл мәртебемен өтуге тырысқан жағдайлар да кездесіп жатыр. Кейбір мекемелерде мұны байқамай қалуы мүмкін. Алайда, мұқият тексеретіндері де баршылық.
Диана Идрис, «Атлас» концерт залының менеджері: «Әрине, Ашық кюар кодын қолданбай скриншот арқылы кіруге оқталғандар көп кездеседі.» «Қызыл» статусы бар адамдар кірмекші болғанын да анықтағанбыз. Біз оларды байқап кіргізген жоқпыз. Әрине біз үшін қонақтарымыздың денсаулығы өте маңызды. Қазірде қызметкерлердің барлығы вакциналанған».
Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігері орынбасарының сөзінше соңғы айдың өзінде жүздеген заң бұзушылық анықталған. Олар вирус жұқтыратындары туралы ойланбайды. Мекемелерге кез келген жолмен кіруге тырысады екен.
Айта кетейік, демалыс күндері мейрамханалар мен басқа да қоғамдық орындарға жасыл мәртебесі бар адамдар ғана бара алады – бұл толық вакцинацияланған немесе соңғы 7 күнде ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен және үш ай ішінде коронавирус жұқтырған адамдар.
Сондай-ақ, көк статустағы адамдар демалыс күндері Ashyq нысандарына, теміржол вокзалдары мен әуежайға еркін кіре алады.
otyrar.kz