ЕРЕКШЕ АДАМ ЕЛБАСЫ
Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз елге арнап: «Басшы біреу болсын, басқалар соған тіреу болсын», – деп ой толғаған болатын. Бәрімізді ұйымшылдыққа, бірлікшілдікке, ынтымақшылдыққа шақырған еді. Бүгінгі Елбасының 80 жасқа келген мерейлі шағын құрметпен тарихта қалдырып, кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында Елбасы сыныптасы Роза Төлемісованың көтеріп отырған бастамасы сол қалыптасқан ұйымшылдық пен бірліктің, ынтымақтың көрінісі іспетті.
Рас, көпке жағу мүмкін емес. Осы күндері Елбасы туралы әңгіме қозғалған жерде жақсы пікір мен қиғаш пікір қабат өрбіп жатады. Тіпті әр сөздің астарынан басқа мақсат іздейтіндер де табылады. Бір қарағанда оларды да түсінуге болатын секілді. Дегенмен, Елбасының халық үшін атқарған еңбегін, ұлтын ерекше сүйген жүрегін, Қазақты әлемге танытқан тапқырлығын ескермейтін болсақ, қадір-қасиетін бағамдай алмасақ, онда адамдығымыз қайда деп ойлайсың тағы да.
Айтуға оңай болғанмен, елдің тыныштығы мен халықтың амандығын, тоқшылығын қамтамасыз ету ердің ерінің қолынан келетін қиын шаруа. Шындығына келгенде адамзат үшін ең бастысы – тыныштық, амандық, денсаулық. ТМД елдерінің арасында осындай құндылыққа алғашқы болып қол жеткізген Тәуелсіз Қазақстан болды. Олай болса, өз Елбасымыз, Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қазақстандықтар мақтануы керек.
Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызметте болған кезімде, зейнеткерлікке шыққасын облыстық ардагерлер кеңесіндегі қызмет барысында Елбасының өңірге келген іс-сапарларында азды-көпті қарсы алушы топтың ортасында жүріп талай-талай жүздескенім бар. Сол сәтерде аңғарғаным – Тұңғыш Президенттің бойындағы тапқырлығын, еңбекқорлығы мен жаңашылдығын, шебер бітімгерлігін, сарапшыл саясаткерлігін айтпағанның өзінде ол кісінің бойына өзгелерде бола бермейтін ерекше мейірім мен халқына деген зор махаббатын көрдім. Тағы бір аңғарғаным – жанарындағы күнмен шағылыса ойнаған ұшқын барлық адамға үлкен сеніммен, жылы шырай ниетімен қарайтындығы, әсіресе қарапайым халықтың ортасына келгенде. Әр жүздескен сайын Елбасының сол қасиетіне халықтың да дән риза болатынына куә болдым. Сол сәттерде талай рет іштей Елбасына амандық тілеп, Аллаға жалбарынатын едім.
Менің бұл тілектерім жеке қиялымнан пайда болды дей алмаймын. Себебі әлемдегі атынан ат үркитін талай-талай саясаткерлердің өзі «Назарбаев – сөз жүзінде ғана емес, сөзден іске батыл көше алатын саясаткер» деп мойындаған тұлға.
Егеменді елімізді алып мемлекеттердің қатарына қосу бағытында атқарған реформалары мен жаңалықтары қаншама. Осы сарындас көшбасшылығын айтпағанның өзінде БҰҰ мінберінен Қазақ деген ұлттың, қаншама жаугершілік көрсе де өзгенің жеріне ешқашан басқыншылық жасамаған халықтың өкілі екенін барша жаһанға паш етуі, ешуақытта орындалмақ түгілі қиялға да келмеген БҰҰ мінберінде өз ана тілінде сөйлеуін бүгінгідей жаһандану заманында нағыз ерлік, жоғары дәрежедегі ұлтжандылық деп білемін. Осылайша әлем таныған алты тілдің санында жоқ қазақ тілі БҰҰ-ның мінберінен тұңғыш рет естілді.
Иә, тірі адамда арман таусылған ба? Елім жайлы ойлағанда «Әр қазақ елін, жерін, ұлтын дәл Назарбаевтай сүйіп, оның өркендеп-дамуына ынтық пейілімен үлес қосса ғой, шіркін!» деп армандаймын.
Үрзада АЙТӨРЕЕВА,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагер журналист.