ЕРІКТІЛЕР РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТІП ЖАТЫР
Шымкентте ревакцинация жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгін Шымкент қалалық №1 емханада ерікті жастар ревакцинация жасатты.
— Жоспар бойынша бірінші жартыжылдықта №1 емханаға тіркелген 9 мыңдай адам ревакцинациядан өтуі тиіс. Ревакцинация кезеңі басталғалы бері 3200 кісі екпе алды. Емханада «Pfizer», «Vero Cell», «Спутник Лайт» екпелері бар. Екпеден кейін әр пациентті бақылау пунктінде қадағалаймыз. Еріктілерден ревакцинациядан кейін ешқандай кері әсері байқалған жоқ, — деді Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.
Коронавирусқа қарсы ревакцинацияға келген ерікті Қаламқас Керімбайдың айтуынша, екпенің алғашқы екі компонентін қабылдағанда кері әсері болмаған.
— Ревакцинацияға өз қалауыммен келіп тұрмын. Себебі, денсаулыққа бей-жай қарауға болмайды. Пандемияны екпенің көмегімен ғана жеңетінімізге сенемін. Сондықтан замандастарымды екпе алуға және 6 айдан соң ревакцинациядан өтуге шақырамын, — дейді ол.
Айта кетейік, қаладағы емханаларда 12-18 жас аралығындағы оқушыларға, жүкті және босанған әйелдерге «Pfizer» вакцинасы салынып жатыр. Сондай-ақ, екпенің бұл түрі 60 жастан асқан егде кісілерге ревакцинация үшін ұсынылып отыр.
«Шымкент келбеті» — Ақбөпе ЕРГЕШ