ЕРКІНДІГІМ — ҚАСИЕТІМ, ТӘУЕЛСІЗДІК — ТҰМАРЫМ!

Мен еркін тыныстаған елдік пен еркіндік нышаны бар тәуелсіз Қазақстанның тұрғынымын. Азияның күретамыры болып, жер аумағы бойынша әлемде өзіндік орын бар, Алтай мен Атырауға, Алатаудан Қаратаға дейін созылып жатқан қазыналы жердің  қазақ  деген ұлы халық ұрпағымыз.Байтақ далаға иелік ету бізге қалай келді?

Бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұлтарақтай жерін жатқа бермей көзінің қарашығындай сақтаудың арқасында қол жеткізді. Бұл жылдар бойы еркіндікке ұмтылған қыран тектес қалықтың тәуелсіздік үшін болған жаналып, жанберіскен сынақтарымен қол жеткізген мұра. Тәуелсіздік, бұл сөздің мағынасы қандай қастерлі, астары қандай ауқымды! Ол өлең, ол ән, ол сұлулық, ол асқақ арман, ол шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді.

Жаныңа жылылық пен тектілікті ұялатады. Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, асу бермес асау өзендер, көзмоншақтайкөлдер, қең көсілген Сарыарқаның Сарыжайлауы, қойнауында сарқылмас кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары,елдіктің  тұғыры биік.

Қазіргі таңда төрт құбыласындай төрт құрлық көз тіккени  Қазақстанмен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстырып, өткеннен сабақ алу біздің азаматтық борышымыз.

«Адам табиғатынан-ақ тәуелсіз болуға жаралмаған», деп Люк де Копье Вовенарг айтқандай, еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық.

Дегенмен бізге бұл оңай жолмен келе қойған жоқ. Тарихтың ақтаңдақ беттеріне көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар мен сын сағаттан тұратын ғасырлар кеткенін анық байқаймыз.

Мәселен, жерімізге көз тіккен жауыз жоңғарлармен ғасырлар бойы соғысып, батыр рухты бабалар қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап, бізге аманаттады. Сол кездегі қан майданда көзге түсіп қол бастаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың  жігері жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян.

Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.

«Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер»,-деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестейсақтап жазды.

Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті.

«Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды.

ХХ ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері биліктің бұрыс жақтарын беттеріне басып, кемшіліктерін әшкерелеп, мемлекеттің еркіндігіне қол жеткізуге әрекет еткені үшінаяусыз соққыға жығылып, сұраусыз атылып кетті.

Мұны құлағымен естіп, көзімен көріп отырса да өзге жастар айтқанынан қайтпай, батыр баба ұрпағы екенін танытып, туған жерін өз жанынан биік қойды.

Мысалы, Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері,әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті.

Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ санамыздан сытылып шыққан жоқ.

 Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық.

Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды, егемен ел азаматтарының құқықтарын , мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды.

Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата бабаларымыздың асқақ арманы орындалды.

«Тарихты жеңген жазады»дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді. Ұлттық валютасы, әнұраны, туы және елтаңбасының пайда болуыкөгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл  ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе?

Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды.

Кеңес Одағының құрсауынан босап, қыстан тұралап шыққан малдай, әлсіреген қазақ халқы ендігі кезеңде жаңа өмірге, өзгеше кезеңге аяқ басты. «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік,келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сөздері ата-бабамыздың бойына біткен керемет қасиеттің құндылығы қашан да алға жетелеп, тәуелсіздікке алып келгенін көрсетеді.

Тәуелсіздік таңы атқанына міне 30 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады.

Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды.

 Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде ,еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген мемлекет күннен- күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде.

Елбасымыздың бастауымен Нұр-Сұлтан шаһарының негізі қаланып, бүгін адам танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекеттермен келісімшарттар жасалатын, жиналыстар өткізілетін заманауи астана қалыптасты.

 Көпжылдық тарихында толық еркіндігі болмаған еліміз ХХІ ғасыр табалдырығында осылайша тұғыры биік бейбіт мекен ретінде көрініс тапты. Тәуелсіздігіміз жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Сол бақытты жандардың бірі-менің де осындай мемлекетте тұруым маған жарқын болашақ сыйлап отыр.

Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы екеніне тағы көз жеткіземін. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты.

 Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.

Анар АХМЕТОВА,

«Белое» орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

СҚО, Қызылжар ауданы.