ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІҢІЗ «ЕСКІРМЕСІН»

Гете 83 жасында өзінің ең танымал туындысын дүниеге әкелді. Галилей 70-інде ғылымдағы ең үлкен жаңалығын ашты. Яғни, адамның есте сақтау қабілетін жасы келген кезде де жақсы қалыпта ұстап тұруға толық мүмкіндігі бар.

Жас күніңде мектепте, жоғарғы оқу орнында күн сайын берілетін тапсырмалар ізденістерге жетелейді. Сәйкесінше, сол ізденістермен миымыз жақсы жұмыс жасайды. Ал, оқу орнын бітіріп, тұрақты жұмысқа орныққан соң көпшілігімізде босаңсу сезімі басым болады екен. Күнделікті қайталанып отыратын іс-әрекеттен есте сақтауымыз «солғын тарта» бастайды.

Бала күнімізде оқыған соқа туралы ертегіміз естеріңізде ме? Күн астында жұмыссыз жатқан соқа қарайып, тот басады. Ал, күндіз-түні еңбек етіп, жер жыртқан соқаның күн көзіне шағылыса жарқырайтыны бар емес пе? Міне, мидың жұмысы да дәл соқанікіндей.

Жаңа тіл үйреніп, сөзжұмбақтар шешіп, қиын есептердің жауабын іздеп, тест кітапшаларымен жұмыс жасаған сайынесте сақтау қабілетіміз артады.

Күнделікті өміріміз қарбаласқа толы. Әсіресе, ақпараттар тасқыны толассыз санамызға сіңіп, миымызда майдан жасайды. Кез~келген ақпарат қабылданды ма, міндетті түрде жадымыздың бір бөлігін алып, орнығып қалады.

Асқазанмен айырмасы да осы арада. Асқазанымыз өзіне жағымсыздық туғызған, бөтен зат өз территориясына түсіп кетсе, шартты түрде қарсы шабуылға шығып, артық затты ағзадан шығарып тастағанша тыныштық таппай жанталасады. Ал, миымызда ондай қабілет жоқ. Сондықтан, сіз оқыған, естіген,  көрген заттар, жағымды~жағымсыз, пайдалы~пайдасыз болсын, барлығы миымызда сақталады. Оның кері тебу күші жоқ.

Санамызды сан түрлі оймен сансыратқымыз келмесе, керексіз дүниелерден бас тартқанымыз абзал. Талғампаздықпен, табандылықпен ойымызды, көзімізді, өзімізді сақтайық. Жақсы қарттықтың кірпішін жас шағымыздан қалайық.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.