ФУТБОЛДАН АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ДОСТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

«Түркістан-Арена» стадионында Алматы және Түркістан қалаларының ардагерлері арасында жолдастық кездесу өтті. Доп додасына қос команда да жоғарғы дайындықпен келген. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және футбол спортының жастар арасында бұқаралығын арттыру мақсатындағы достық кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жиынға арнайы келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысушыларды жарыстың салтанатты ашылуымен құттықтап, мықтылардың жеңіске жетуін тіледі. Сондай-ақ, облыс басшысы сөз барысында ардагер футболшылардың осындай спорттық шараға белсене қатсып, өскелең ұрпаққа дәріптеуі де игі іс екенін және футбол спорты әлемде №1 спорт түріне баланатынында тілге тиек етті. Шараның ашылу рәсімінен кейін екі команда да жасыл алаңда жеңіс үшін, бақтарын сынады. Түркістан облысының командасын Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, Түркістан облысының футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев бастап шықты. Тартысты өткен кездесудің қорытындысында алматылықтар мықтылық танытып, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бір айта кетерлігі, екі команда құрамында да кезінде жоғары двизионда және бірінші лига командалары арасында өнер көрсеткен ардагер футболшылардан құралған.
Жеңімпаз атанған команда мен үздік деп танылғандар арнайы тағайындалған алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды. Енді алдағы уақытта достық қарым-қатынасты арттыру үшін бұл игілікті шара жалғасын табатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі