ГИННЕС РЕКОРДТАР КІТАБЫНЕ ЕНГЕН ШАТЫР

Еліміздегі ерекше пішіндегі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына кірген. 

«Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Елордада бой көтерген ғимарат қала күніне орай 2010 жылы 6 шілдеде ашылған. Елбасының идеясын жүзеге асыру әйгілі британдық сәулетші Лорд Норман Фостерге тапсырылды. Британдық Foster&Partners фирмасы жобалаған нысанның металл қаңқасы – 2300 тонна, биіктігі 150 метрді құрайды. Ал жалпы ауданы – 127 мың шаршы метр. Бас мердігер –Түркияның Sembol Construction құрылыс серіктестігі.

Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет туындысы – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі сауда-ойын-сауықты біріктірген елордадағы алғашқы орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрас­тырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді. Бұл туралы Forbes Style журналы жазды.

«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы астаналықтар мен қала қонақтарына әмбебап дүкені, отбасы саябағы, мейрамханалар, кинотеатр, спорт залдары, жасанды жағажай мен бассейні бар аквапарк, қызмет және кеңсе орындары, 700 орынға арналған паркинг қызметін ұсынады.

Шатыр құрылысы 2006 жылы басталып, төрт жылға созылды. Ғимараттың бас директоры Энгин Асраланның айтуынша, әуелден құрылыс 2 жылға жоспарланған еді. Алайда күн райының қолайсыздығы мен күтпеген қиындықтар құрылыс мерзімін ұзартты.
2010 жылы «Хан Шатыр» Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын ұтып алды.