ҒЫЛЫМҒА КЕҢ ЖОЛ АШҚАН ҚАЗАҚСТАН

Елбасының 1996 жылдың наурызында қабылдаған Жарлығымен Ғылым академиясы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы мен Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі Үкіметтің құрамындағы орталық атқарушы органға: Ғылым министрлігіне – Ғылым академиясына бірікті. Сол жылдың мамыр айында Алматыда жетекші ғалымдар, министрліктер, ірі компаниялар мен өңір басшыларының қатысуымен, ғылыми-техникалық даму мәселелері бойынша кеңейтілген республикалық кеңес өтті. Ғалымдардың пікірінше, жаңа нарықтық жағдайларға ең сай келгені – ғылымды қаржыландырудың бағдарламалық-нысаналы әдісі болды. Бюджет ақшасынан үміткер жобалар халықаралық ғылыми қоғамдастықтағы көпшілік мақұлдаған нысандар бойынша мемлекеттік сараптамадан өткізіле бастады. Сонымен бірге, ғылыми талдамаларды басқа елдерге сату және халықаралық гранттар сияқты басқа да сыртқы қаржыландыру көздері болды. 1996 жылы, осылайша, ғылым саласына 12 миллион доллардай қосымша қаржы тартылды. 1996 жылдың маусым айында республикалық Ғылым академиясы өзінің 50 жылдығын атап өтті. Осы жағдайға байланысты өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде, Елбасы «ғылым саласында болған өзгерістердің Академияға үлкен жауапкершілік артатынын – оны батыл ойлар генераторы болып, инновациялық жобаларды әзірлеуде жетекші рөл ойнауға міндеттейтінін» ерекше атап өтті. Өкінішке қарай, Академия бұл міндеттерді орындай алмады және көп ұзамай барлық ғылыми саланы қайта ұйымдастыру керектігі белгілі болды. 1999 жылы академиялық институттардың барлығы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің қол астында қалып, Ғылым академиясының құрамынан шығарылды. Академияның өзі ғалымдардың қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылды.