ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВА ДҮНИЕДЕН ӨТТІ
Елімізге танымал айтыскер ақын, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Қазақстанның Халық ақыны» атағының иегері Әселхан Әлшеріқызы Қалыбекова 71 жасында дүниеден өтті.
1950 жылы 22 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы.
Еңбек жолын 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында бастаған. Аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған (1971-1991). 1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. 1981 – 1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орынды уысында бекем ұстап тұрды.
Айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.
Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері (1989). Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Қазақ КСР – ның Халық ақыны құрметті атағы берілді (1990 ж. 6 сәуір).
Айтыс өнерінің ақтаңгері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың «Отырар аспаны» (1994), «Басыңды тікпей бақ қайда?!» (1990-2000), «Алладан пәрмен сұраған» (2000), «Сырттан кеткен тамырлар» (2004), «Жыр-Шапағат» (2008), «Әселхан Әлемі» (2008) атты кітаптары жарық көрді.
Ауданда ақындар мектебінің ашылуына мұрындық болып, мектептен көптеген айтыс саңлақтарын баптап шықты. Бүгінгі айтыс көкжиегіндегі шоқ жұлдыздар – Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Дәурен Ақсақаловтар секілді айтыскерлер осы мектептің төл шәкірттері.