Идеология саласына тәжірибелі маман келді

Кеше Президент жарлығымен Дархан Кәлетаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды. Бұдан бұрын Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры қызметтерін атқарған. Бұған дейін Президентінің жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалған болатын.

Дархан Кәлетаев – ішкі саясатта өте тәжірибелі тұлғалардың бірі. Ол жастар саясатын өзгертуге бастамашы болғандардың бірі саналады. Бұрынғы Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры болған кезінде-ақ Дархан Аманұлы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын дайындауға үлкен үлесін қосқан болатын. Оның қатысуымен елімізде бірқатар жастар ұйымы пайда болып, белсенді жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасалды. Сонымен қатар ол саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен, түрлі бірлестіктермен өзара диалог орнатуға ұйытқы бола білді. Президент таңдауының Дархан Кәлетаевқа түсуі оның саяси коммуникативтігінен болса керек. Кәлетаев әрқашан ішкі саясаттағы коммуникатор статусын сақтай біледі, «Самұрық-Қазына» сияқты экономика мәселесімен айналысатын құрылымда менеджерлік жұмысымен қатар әлеуметтік коммуникатор рөлін атқара білді. Кәлетаевтың заң шығарушы биліктен атқарушы билікке өтуі Сенатты әлсіретті деуге де болатын шығар, себебі ол депутат болып тұрған кезінде өзін әдетінше өте ашық ұстап, газет беттерінде, «Qazaqstan» арнасында болатын «1-ші Студия» сияқты саяси ток-шоуларда оппозияция өкілдерімен ашық пікір алмасып, қызықты ойларымен көрінетін. Мысалы «жер дауы» кезінде «1-ші Студия» саяси-ток шоуында Кәлетаевтың: «Қазақ ұлты жерді экономикалық категория деп емес, рухани құндылық ретінде түсінеді», — деген сөзі қоғам белсенділерінің көңілінен шыққан болатын.

Жалпы қазіргі кезде екі тілде өз ойын еркін жеткізе алатын депутаттар мен министірлер некен-саяқ, Дархан Аманұлы екі билік ортасында жүріп коммуникативтік қасиеттерін одан әрі дамытып, елдегі жағдайды одан бетер терең түсіне бастады, ал бұл тәжірибе жаңа қызметте өте пайдалы болмақ. Өйткені Кәлетаевтың министр ретінде мемлекет пен дін арасындағы қатынасты реттеудегі алғашқы қадамы дін туралы жаңа заң жобасының парламент қабырғасына өтуінде болмақ.

«Қамшы» сілтейді