ИММУНИТЕТКЕ ӘЛ БЕРЕТІН ӘДЕТТЕР

Қазіргі ауа райының тұрақсыздығы біздің ағзамызға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осындай күндерде суық тию, тұмау сияқты сырқаттардан қалай іргемізді аулақ саламыз? Дәл осы сұрақтарды аға дәрігер Есенгелдиева Әйгерім Шәмшіханқызына жолдап, жауап алған едік.

Күн күрт суытты. Сәйкесінше суық тиіп, тұмауратқандар көбейді. Әдетте иммунитет мықты болса сыр бермейді деп жатамыз. Енді осы иммунитетті қалай күшейтеміз? Қалай мықты етіп ұстап тұрамыз?

— Иә, күн суытқалы тұмауратып, суықтап келушілер қатары көбейді. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер мен балалардың қарасы қалың. Иммунитетті күшейтетін бірден-бір нәрсе – таза ауада жүру, дұрыс тамақтану, уақытылы демалу, яғни, ұйқыға жату. Дұрыс тамақтану дегеніміз рационалды тамақтану, яғни, таңғы және түскі асқа құнары мол тамақтарды жеу. Кешкі асқа жеңіл-желпі тағамдарды тұтыну. Және түнгі 22-00ден кейін мүлдем тоқтату. Ұйқыда жатқанда МЕЛОНИН гармоны бөлінеді. Ол күні бойы жаратылған энергияны, иммундық күшті қайта толықтыратын гармон. Дәрумендер арқылы да иммунитетке көмек береміз. Дәрумендер өз кезегінде табиғи және жасанды болып бөлінеді. Табиғи түріне көкөніс, жеміс-жидектерді пайдалану жатады. Қырыққабат, сәбіз, пияз, болгар бұрышын майдалап турап, пайдалы салаттар жасап жесек өте ағзаға пайдалы. Және, әсіресе, қысқы мезгілде цитрусты жеміс-жидектерді жеу арқылы А,В, С дәрумендерін ала аламыз. Етті гемоглабинді толықтыру үшін тұтынамыз. Қазір анемия диагнозын арқалап жүргендер көп. Сондықтан, сиырдың бауыры, тілі, еті гемоглабинді көтеруші күшке ие екенін баса айтқым келеді. Қойдың етінде холестерин көп болғандықтан ағзаға ауырлау тиеді. Мүмкіндігінше, сиыр етін жегеніміз дұрыс. Тағы бір ерекше айтар нәрсе – күн көзінде көп жүру. Бәріміздің ағзамызда кох таяқшасы бар. Ол – туберкулездің негізгі қоздырғышы. Иммунитетіміз әлсірегенде, күн көзіне шықпағанда, дұрыс тамақтанбағанда осы таяқшалар белсенді түрде күшіне мініп, нәтижесінде арты үлкен дертке ұласып кету қаупі бар. Күн көзіндегі Д витаминінің адам ағзасына пайдасын айта берсек өте көп. Қысқаша, иммунитет жайлы осы.

Ауырған кезде көбі өз бетінше ем жасап, түрлі антибиотик дәрілерге жүгініп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Мысалы, тұмауды алайық, ең қарапайым, қандай белгілерде дәрігерге көрінген дұрыс?

— Иә, көп адамдар дәрігердің нұсқауынсыз үйінде бар дәрілерді қолданады. Және көп дәріханаларда дәрілерді рецептсіз, бей-берекет ала береді. Осыны да баса айтқым келеді. Бұл дұрыс емес. Ол сіздің ағзаңызға кері әсерін беруі мүмкін. Науқастар алғашқы 5-6 күнді өз беттерінше емделіп өткізіп алады. Негізі ең эффектісі жоғары болатын ем осы күндерде болуы шарт. Сосын жазылмадым деп дәрігерге келеді, 5 күнге деп берген емді тағы аяқтамайды. Екі ортада өз ағзасын шаршатып жүрген науқастар көп, өкінішке орай.

Тұмаудың алғашқы белгілері – мұрыннан су ағу, көзден жас ағу, тамақтың жыбырлауы, мұрынның ашуы, кебуі пайда болады. Осы белгілер біліне сала дәрігерге жүгінген дұрыс. Себебі, ауруды ең жеңіл сатысында емдесек, дер кезінде нәтижеге жетеміз.

Ал, жаңа атап өткеніңіздей, балаларға үй жағдайында қандай қосалқы дәрумендер беруге болады?

— Бала қыс, күз, көктем сияқты мезгілдерде туылса, дүниеге келе салысымен Д3 дәруменін беруге рұқсат. Ал, одан үлкенірек балаларға аскорбин қышқылын үй жағдайында бере беруге болады. Басқа дәрумендерді тек анализге қарап береміз. Қан анализдерін тапсырып, ағзаға қажеттілігі бар, жоғын анықтаймыз. Одан кейін ғана беру керек. С дәруменін ғана үй жағдайында бере беруге болады.

Рақмет. Сөз соңында тағы айтарыңыз болса

— Салауатты өмір салтын сақтайық. Көңіл күйімізді көтеріңкі ұстайық. Әр атқан таңымызға шүкір етейік. Және жоғарыда айтып өткен дұрыс тамақтану, күн көзінде көп жүру, қимыл-қозғалыс сияқты дүниелерді орындасақ, денсаулығымыз нығая түседі. Әрине, бірінші кезекте бәрі Алланың қалауымен. Сосын отбасымыздың қолдауы, балаларымыздың амандығы да маңызды. Ауырмаңыздар, аман болыңыздар деймін.

Сізге де алғыс айтамыз. Оқырмандар үшін өте пайдалы сұхбат болды деген ойдамын. Жұмысыңызға табыс тілейміз. Алғыс айтар емделушілеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛ