ИНДУСТРИАЛАНДЫРУ ЖЕТІСТІКТЕРІ
2010 жылы басталған және бесжылдық индикативті жоспарлауда Қазақстанды көшбасшы ретінде айқындаған үдемелі индустриаландыру бағдарламасы бағытталды.
Индустриаландырудың алғашқы жылы нақты нәтижелерін берді. 2011 жылғы қаңтардағы Жолдауымда Қазақстанда 152 кәсіпорын пайдалануға берілгенін, 24 мың қазақстандықтың тұрақты жұмыспен қамтылғанын
атап өттім. Химия өнеркәсібін және жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру мен дамыту үдерісі белсенді түрде жүргізілді, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде ілгерілеу байқалды. 2014 жылға дейін құны 8 триллион
теңгеден асатын 300 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 160 – тұрақты және құрылыс кезеңінде 200 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланды. Бірінші индустриаландыру бесжылдығының ең басты қорытындысы – экономикадағы маңызды құрылымдық, әсіресе, нақты сектор есебінен болған өзгерістер.
2011 жылдан бастап Индустриаландыру күндерін өткізу дәстүрге айналды. Жылына екі рет – шілде мен желтоқсанда – индустриялық даму бағдарламасының қорытындылары шығарылады, жалпыұлттық телекөпір форматы бойынша аймақтардың есебі тыңдалып, жобаларының тұсауы кесіледі, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылады. Алғашқы Индустриаландыру күнінде, 2011 жылы 9 желтоқсанда Астана
қаласындағы «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын өндіру зауытының, Алматыдағы метрополитеннің, Балқаштағы «Сары қазына» катодты мыс зауытының, Жамбыл облысындағы «Супер Фарм» медицина бұйымдары зауытының, Семей тері-былғары комбинатының, Алматы облысында «Байсерке Агро» ет өңдеу кешенінің, «Шымкент-Кашемир» тоқыма өндірісінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Шарын өзенінде Мойнақ ГЭС-і, «Жетіген-Қорғас» және «Өзен – Түрікменстан шекарасы» темір жол желілері іске қосылды, ал Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің жобасы ұсынылды.
Алғашқы бесжылдықтың экваторы 2012 жылдың шілдесінде игерілді.
Жаңа Медиа-орталықта жалпыұлттық телекөпір өтті, индустриаландыру картасының нысандары пайдалануға берілді. Ұлттық цифрлы телерадио хабарларын тарату желілері және отандық телеөнімдер шығаруды көздеген жаңа қазақстандық «24.kz» телеарнасы іске қосылды.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екі жарым жылында құны 1,8 триллион теңге тұратын 440-тан астам нысан қатарға қосылды.