ИНДУСТРИЯЛДЫ АЙМАҚТА ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСПАҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы жылға арнаған Жолдауында жергілікті жерде инвестиция тарту арқылы индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін тілге тиек еткен еді.

Жолдауды жүзеге асыру бойынша қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен айына екі рет өтетін Инвестициялық штабтың отырысында  көптеген жаңа жобалар ұсынылып отырады. Солардың бірі «Шымкент Темір» ЖШС-нің жобасы.

«Шымкент Темір»  ЖШС-і өндірістік қуаты жылына 300 000 тонна болатын үздіксіз құйылған дайындама, ұсақ сұрыпты болат және созба сым өндіру зауытын салу және өндірістік қуаты жылына 360 000 тонна тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытын салу туралы жобасын ұсынды. Аталған жобаға  «Жұлдыз» индустриялды аймағынан жер бөлінген. Қажетті инфрақұрылымдық жүйелер қосылған кезде құрылыс жұмыстары басталады. Қала әкімі аталған жобаны өзінің жеке бақылауына алып, әр ай сайын арнайы кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Штабтың кезекті отырысында жаңа жоба ұсынушыға:

          — Күзде «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы инфрақұрылым мәселелері толық шешіледі. Сол кезде құрылысты бастай берсеңіз болады. Жерді рәсімдеуді сала басшыларына жүктеймін, — деген еді әкім.

Индустриялды аймақта жаңа инновациялық жобалар жүзеге асқан кезде 1500-дей жұмыс орны ашылып, ондаған түрлі жаңа өнім түрлері өндіріледі. Жаңа кәсіпорындардан қала бюджетіне де салық түріндегі қаражат құйылады.