Инкассаторларға шабуыл: қанқұйлы қылмыстық топ қанша ақшаны қайтармай кетті
Осыдан 17 жыл бұрын «ТұранӘлемБанкі» инкассаторларына қарулы шабуыл жасалды. Қарақшылар 17,5 миллион теңге мен 196 мың АҚШ долларын олжалады. Бұл сол кезде адамның өңі түгілі түсіне де кірмейтін сұмдық ақша болатын. Бір қызығы, бандалық топ қолға түскенімен сол ақшаның бір бөлігін бәрібір қайтарған жоқ. Қомақты қаржы Алатаудың қай жерінде тығулы жатқаны да әлі күнге дейін белгісіз.
Талтүстегі атыс
Алматының қылмыстық оқиғалар тарихында бұған дейін дәл мұншама сомадағы қаржы тонау дерегі тіркелмеген. Әрі қарақшылық шабуылдың қараңғыда емес, күндіз жасалуы жұрттың жағасын ұстатты.
2001 жылдың 18-інші мамыры. Таңертеңгі сағат 8-ден 10 минут кеткен кез. ТұранӘлем банкінің орталық кеңсесінен шыққан инкассатор көлігі 7 минуттан соң Фурманов көшесіндегі (Гоголь көшесінен сәл төмен) аркаға қарай бұрылған. Бірақ таяқ тастам жерден өте алмады. Өйткені олардың жолын көлік бөгеген. Әккі қарақшылар әдейі тар өткелге осылай қақпан құрыпты. Көліктен түскен қарақшылар бірден оқ жаудырады. Атыс кезінде инкассаторлардың екеуі ауыр жараланып, бірі оқиға орнында көз жұмды.
Бірер миуттан соң оқиға орнында бұршақтай жауған оқтан шұрқ-тесік болған инкассатор көлігі мен Газ апатынан құтқару қызметінің «Газель» көлігі ғана қалды. Ал қарақшылар із суытқан «Grand Cherokee» автокөлігі 10 минут өткен соң Бөгенбай батыр көшесінде отқа оранып жатқан жерінен табылды. Қолды болған қаржының жалпы сомасы – 17 миллион 665 мың теңге және 196 мың АҚШ доллары.
Алматы қалалық ІІБ-мен ҰҚК-нің бірлесіп жүргізген шұғыл іздестіру шарасы нәтиже берген жоқ. Қатігез қарақшылар Алматы көшелеріне судай сіңіп жоғалды. Алайда бұл сырт көзге ғана солай көрінетін. Кәнігі із кесушілер оқиға орнына келгенде-ақ алғашқы дәйектердің сынамасын ала бастаған. Соның ең бастысы, өртенген көліктің ішінен табылған қан дақтары. Бұл – қылмыскерлердің бірі жараланған болуы мүмкін деген болжамды күшейтті. Бұдан өзге де бірқатар деректер анықталды. Мәселен қылмыскерлер қажетіне жаратқан «Газель» мен «Grand Cherokee» автокөліктерінің шынайы иелері белгілі болды. Оның бірін қылмыскерлер иесінен бір ай бұрын тартып алса, екіншісін қылмыс болардан екі күн бұрын қожайынымен қоса ұрлап әкеткен.
Алайда тергеу-тексеру ісіне залалын тигізбес үшін мұндай мәліметтердің ешбірі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбады. Ақпараттың құпия сақталуы қылмыскерлердің тайраңдай тұруына, өздерін емін-еркін сезінуіне септігін тигізді.
Мәселен қарақшылар ұсталмайтындарына сеніп, өздерін еркін сезінгендері соншалық, атыс кезінде жараланып, сол күні ажал құшқан серіктерін Кеңсай зиратына жасырын жерлеген. Дерек көздерінен осы ақпарды алысымен жедел уәкілдер мәйітті қазып алып, сараптамаға жөнелтті. Іле-шала оның Константин Корниенко екені мәлім болды. Қанды-көйлек серіктерінің мойнына галстук тағып, костюм-шалбармен жерлеген қарақшылардың кімдер екені бұл кезде анықталып болған. Бірақ оларды ұстауға ыңғайлы жер ретінде халқы көп қала емес, өлілер мекені – Кеңсай таңдалды. Қылмыскерлер көп күттірген жоқ. Достарының жетісінде бейіт басына тобымен келіп, торға топ ете түсті.
«Суки» деп айғайлады да, оқ атты…»
Модан Мухлисовтың бандалық тобын неліктен полицейлер қылмыс әлеміндегі ең әккі топтардың бірі ретінде атайды? Олар шынымен де аса айлакер болса, құрықтан неге құтылып кете алмады? Бұл сауалға жауап беру үшін бандалық топтың мүшелерімен таныстыра кеткенді орынды санап отырмыз: Эдуард Давлетбакиев 1976 жылы Өзбекстанда туған. Бұрын заңсыз қару сақтағаны үшін істі болған. Кәсіби кикбоксшы. Юрий Поликарпов 1969 жылы туған. Бұрын сотталмаған. Модан Мухлисов 1961 жылы туған. Қарулы шабуыл жасағаны үшін Ресейде 6 жылға сотталып, жазасын өтеген. Қарақшылық топтың көсемі. Бұдан бөлек, атыс кезінде көз жұмған Константин Корниенко және В.Якунин мен Б.Мұқтаров бар. Алғашқысы, негізінен автокөлік ұрлығымен айналысқан. Қарулы шабуылдан бірнеше ай бұрын Тәжікстанда автокөліктерді героинге айырбастау барысында ажал құшқан. Бірақ ол қандай да бір қастандықтан емес, героинді аса көп мөлшерде тұтынудан көз жұмғанға ұқсайды. Ал Б.Мұқтаровты еліміздегі аса беделді бір адамның ұлы дейтіндер бар. Бірақ оның нақты кімнің баласы екені тергеу деректерінде көрсетілмеген. Осы уақытқа дейін құпия сақталғанына қарағанда, Мұқтаров шынымен де ірі бір дөкейдің ұлы болған секілді.
Енді қанды оқиғаға қайта оралайық. «Дайындалыңдар! Бір, екі үш, бастаңдар!». Рация арқылы Модан Мухлисов серіктеріне бұйрықты дәл осылай берген. Бұл кезде арканың арғы бетінде, тротуарда тұрған «Газель» артқа шегініп, инкассатор көлігінің жолын бөгейді. Кейін шегінбек болғанда, екінші көлік артынан тұмсық тірей тоқтаған. Газельде Поликарпов пен Давлетбакиев, ал джип көлігінде Мухлисов пен Корниенко болған. Қарақшылардың жоспары бойынша олар қылмыс орнынан адам шығынынсыз кетуі тиіс еді. Өйткені тонау мен кісі өлтіруге тағайындалар жазаның айырмасын олар өте жақсы білген. Сондай-ақ, Мухлисов сызып берген жоспарда өздерінің қауіпсіздігі ерекше нақтыланған. Мысалы инкассатор көлігі ортада қалғаннан кейін бұлар дереу көліктерінен түсіп, арканың төрт бұрышынан қару кезенуі тиіс болған. «Қолдарыңды көтеріп, көліктен түсіңдер!» деген бұйрықты инкассаторлар орындайды деп сенген. Себебі сол кезде ТұранӘлемБанкіндегі жалғыз бронсыз көлік осы еді. Алайда оқиға мүлде бұлар күтпеген жағдайда өрбіді. Біріншіден, инкассаторлар қарақшыларға қасқайып қарсы тұра білді. Екіншіден, қылмыскерлердің бірі қауіпсіздік шарасын естен шығарып алған.
- Жастығы шығар, Корниенко ортақ ережені сақтамады. Біз құсап алыста тұруы керек еді. Ол бірден инкассатор көлігінің жүргізуші жақ есігіне жүгіріп барып, қару кезенді де, көліктен түсуді талап етті. Осы кезде іштен «Суки» деп айғайлаған дауыс естілді де, оқ атылды. Корниенко құлап түсті, – дейді Поликарпов тергеу деректерінде сақталған түсініктемесінде.
Осыдан кейін екі жақтан да оқ атылған. Инкассаторлар тіпті көліктен түсіп үлгермеген. Юрий Сиваков оқиға орнында қаза тапса, Андрей Тыцкий мен Қайрат Мұқанғалиев ауыр жараланған. Ал қылмыстық топтың Корниенкодан өзге мүшелері қанқұйлы атыстан дін аман кетті. Мұның да өзіндік себебі бар болатын. Қарақшылық шабуылды бір минутта жүзеге асырған бандалық топ бұл операцияға 40 күн бойы дайындалған. Тауда жүріп қарудан көздеп атуға машықтанған. Иесінен өздері тартып әкеткен «Газелдің» мемлекеттік нөмірін айырбастап, Газ апатынан құтқару қызметінің белгілерін жапсырған. Артқы бөлігіне оққағар қалқан жасау үшін қалың темірді Тастақ базарынан арнайы барып, сатып алған. «Газельдегі» Поликарпов пен Давлетбакиевтың жанын алып қалған да осы темір. Бұл темір көліктің артқы есігінің ішінде орналасқан. Ал қарақшылар жоғарыдағы алақандай терезеден оқ атқан. Әрине, инкассаторлар мұны білген жоқ. Олардың жандәрмен атқан оқтары қалың темірге «қадалып» жатты.