ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға байланысты оларға қоғамда өзін еркін сезінетіндей жағдайларды жасау керектігін атап көрсеткен болатын.

Еліміздің үшінші мегаполисінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау жоспарға сай үздіксіз жүргізіліп келеді. Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада Ұлыбританияның Глазго университетінің докторанты Зейнуллин Маралбекпен кездесу өтті.

Кездесу барысында докторант өзінің ғылыми жобасы аясында зағиптар мен нашар көретіндерге арналған мобильді қосымша жобасын таныстырды. Инновациялық жобасында компьютерлік көру және жасанды интеллект саласындағы соңғы әзірлемелер мен алгоритмдерді қолданған.

Жаңа инновациялық жобамен кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері бірінші болып танысып, бағалауға мүмкіндік алды. Арнайы кітапхана тарапы жобаның одан әрі дамуын асыға күтеді.

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана 1969 жылдан бастап зағип жандарға үздіксіз қызмет жасап келеді. Жарты ғасырдан бері кітапхана ұжымында зағип жандарға көмегі тиер жаңашылдықтарды іздеп тауып, кітапхана оқырмандарына ұсыну, ғылыми-инновациялық жетістіктерді де енгізу дәстүрге айналған. Шексіз мүмкіндіктерге қол жеткізген кітапхана оқырмандары бүгінде барлық саланың белсендісі деуге болады.

Аманғали СЕЙДАХМЕТҰЛЫ.