ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Шымкент қаласының Полиция департаменті Тергеу басқармасының қызметкерлері алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша тұрғындар арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Осы мақсатта Шымкент қаласы ПД-нің тергеушілері алаяқтықтың ең көп таралған схемалары туралы ескертеді. Интернет-платформаларда сату туралы хабарландыру орналастырып, алаяқтардың құрбандарына айналған пайдаланушылардың өтініштері санының көбейгені байқалады.
Мәселен, сіз сату туралы хабарландыру орналастырасыз, одан кейін зиянкестер сізбен байланысады, тауарды сатып алу туралы келіседі және сіздің банктік картаңызға тауарға ақша аудару үшін сізге сілтеме жібереді. Одан әрі сілтеме бойынша өтіп, сіздің банктік картаңыздың CVV/CVC-коды көрсетілген деректерін енгізу ұсынылады да оларды енгізген соң банктік картаның шотынан ақша алынады.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтар интернет-хабарландыру иелерімен байланысып, жеке деректерін жіберуді сұрап, олардың атына несие рәсімдеуі мүмкін.
«Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін жеке деректерді, банк картаңыздың деректемелерін, кодтарды хабарламаңыз, сондай-ақ тауар үшін алдын ала төлем жасамаңыз және күмәнді мәмілелер бойынша аударымдар жүргізбеңіз», — деп кеңес береді тәртіп сақшылары.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы