ҚАБЫЛДАУҒА ЖАЗЫЛУДА ЕШҚАНДАЙ КЕДЕРГІ БОЛМАУЫ КЕРЕК
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарын онлайн режимде қабылдады. Шаһар басшысы жаңа жылдағы алғашқы қабылдауда тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Тұрғындар қабылдауға бұған дейін телефон арқылы хабарласып, жазылатын. 1 қаңтардан бастап қала әкімінің қабылдауына жазылу жазбаша түрде жүргізілуде. Яғни, азаматтар қала әкімдігіне келіп, халықтық кеңсеге (фронт-офис) өтініш жазып қалдырса жеткілікті. Өз кезегінде қала әкімі қабылдауға жазылуда ешқандай мәселе туындамау қажет екенін, кез келген азаматтың мәселесін тыңдауға әзір екенін айтты.
Бүгінгі қабылдауда тұрғындар негізінен, жұмыспен қамту, қоғамдық көлік және заңсыз құрылыс мәселелері бойынша шағымдарын жеткізді. Абай ауданы Б.Момышұлы көшесінің тұрғыны Бауыржан Дүйсенов пен Қошқар ата көшесінің тұрғыны Жәнібек Абдурайып жұмыспен қамту шаралары бойынша шағымдарын жеткізді. Олар қоғамдық жұмысқа тартылғанын, алайда тұрақты жұмыспен қамтылуды сұрайды.
Қала әкімі тиісті сала басшыларына жеке компаниялармен көптеп меморандум жасау қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қоғамдық жұмыс арқылы да өздерін дамытуға, мықты маман екенін дәлелдеуге мүмкіндік барын атап өтті.
Ал Абай ауданы Ақтас көшесінің тұрғыны Ләйлә Қайназарова жер учаскелерін заңсыз иелену және мақсатсыз пайдалану мәселесін көтерді. Қаратау ауданы Тұлпар шағынауданының тұрғыны Үрзада Есалиеваны да осындай мәселе мазалайды. Қала әкімі бұл орайда заңды тексерулер жүргізіліп, нақты шешімдер қабылданатынын айтты.
М.Әйтенов тұрғындар мәселесін шешу үшін тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы онлайн режимдегі қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан әкімдері қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі