ҚАЙШЫЛЫҚТЫ ЗАМАН ҚАЙРАТКЕРІ
1925 жылдың 9-11 сәуіріндегі өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің III пленумында Ұзақбай Құлымбетов «Қазақстандағы өнеркәсіптің жайы және оны дамытудың шаралары туралы» деп аталған баяндама жасады. Ол баяндамасында республика өнеркәсібін өркендетпейінше елдің экономикалық әлеуетін жақсарту мүмкін емес екенін қозғай келіп, өзекті мәселелерге баса тоқталды. Жаңа қуат көздерін іске қоса отырып, жергілікті бай шикізаттарды пайдаға асыратын шағын кәсіпорындар жүйесін қалыптастырып, нығайту міндеттерін ұсынды.
Атбасар, Риддер, Екібастұз мыс комбинаттарын қайта іске қосу жөнінде өзекті ойларын ортаға тастады. Елек тұз өндіру кәсіпорнын игере отырып, Ембі мұнай өнеркәсібінің қуатын барынша арттыруды және келешекте сол жерден мұнай өңдеу зауытын салуды да көпшілік назарынан тыс қалдырмады. Елде мал шаруашылығын жан-жақты дамытумен бірге, жүн мен тері-терсекті өз жерімізде өңдеу, сондай-ақ былғары, тері илеу, тоқыма өндіріс орындарын ашу жөніндегі бағдарламасын алға тартты. Ол сол ұсыныстарымен шектеліп қалмай сонымен бірге РСФСР Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің алдына Бозбие, Аққара және Жітіқара алтын кеніштерін Қазақ республикасына қайтару жайында мәселе көтерді. Оның ұсыныстары пленум мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Сол жылы республика көлеміндегі тау-кен және металлургия өнеркәсібін дамыту үшін негізгі қордан 23 миллион сом қаржы бөлінді. Көп ұзамай «Атбасцветмет» пен «Алтайказполиметалл» трестері іске қосылды. Артынша Ақтөбе фосфор тыңайтқыштарын өндіретін химия комбинаты, Балқаш мыс балқыту мен Шымкент қорғасын зауыттарының құрылыстары жедел жүргізілді. Солай республиканың өндірістік базасы құрылды. Ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білген Ұзақбай Құлымбетов сол жылы-ақ Республикалық Жоспарлау комиссиясының төрағасы, сәл кейіндеу республикалық Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтеріне көтерілді. Сол жылдары ол РСФСР Халық комиссарлары Кеңесі жанындағы «Түрксіб» теміржол құрылысына жәрдемдесу комитетінің басшысы Тұрар Рысқұловпен бірлесе отырып, жұмысқа қазақтарды кеңінен тартты. Бұл оларды аштық құрсауынан аман сақтап қалуға жасалған оң қадам еді.
Құлымбетовтің республика өндіріс орындарын дамытудағы ұсыныстары Одақтық басшылықтағы Ф.Дзержинский, А.Микоян секілді мемлекет басшылары тарапынан қолдау тапқан. Ұзақбай Құлымбетовтің сол баяндамасының астарында республика егемендігінің алғашқы ұшқындары көрініс бергенін көзі қарақты жандар түсінді. Ол республика жоспарлау органдарының бір кеңесінде дәстүрлі шаруашылық формасы жөнінде: «…Біз бас жоспарды талқылаған кезде Қазақстанды мал шаруашылықты өлке деп сипаттадық. Біздер өз жоспарымызды осы салаға маңыз бере отырып, жасауымыз керек», – деген. Өлкенің бірінші басшысы Филипп Голощекин бар күшті қалалардағы өндіріс орындарына салуға жұмылдырып жатқанда Ұзақбай Құлымбетов күштің бір бөлігін ауылдағы ата кәсіпті өркендетуге қарай бұра тартқаны, халқының дәстүрлі шаруашылығына жанашырлығынан туындап қана қойған жоқ, алдағы аузын арандай ашқан нәубеттің алдын алғаны еді.
Ол осылай өте күрделі кезеңде үлкен әрі жауапты қызметті атқаруға кірісті. Республикада халық шаруашылығын басқаратын ұлттық кадрлар мүлдем аз. Әсіресе өнеркәсіп саласында жоқтың қасы. Ол ұлттық кадрларды көбейтіп, өндіріс орындарын басқаруда өзгелерге есемізді жібере беретінімізді ескеріп, ел ішінен оқыған әрі тоқыған азаматтарды әрдайым іздестіріп, жауапты қызметке тартып жүрді.
Айтжан Бутиннің сол кезде жиырмадан енді ғана асқан жігіт шағы. Көненің көзі бастан кешкен зобалаңды қазір де бейжай оқу мүмкін емес.
«…1925-26 жылдары астана Қызылордаға көшірілген кезде, қазақ атты әскер эскадронының I-ші бөлімшесін басқаратын жас жігітпін. Досым Байғалимен бірге аға-жеңгесінің үйіне бардым. Үйде бір топ қонақтар бар екен. Шайға отыра бергенде, Ұзекең сөз бастады.
−Айтжан, шырағым! Мәскеудегі тау-кен институтының жерасты бөліміне жолдама бар. Сен оқуға барасың ба?, − деді.
Келістім. Жолдамамен Мәскеуде 5 жыл оқып келген соң, Ұзақбай ағаның қолдауымен Шығыс Қазақстандағы Қазаншұңқыр алтын кенінің бас инженері етіп жіберді. 1935 жылы Қазақстанға М.И.Калинин келіп, біздің өндірісті аралады. Одақтың ақсақалы Калинин мен Қазақстанның ақсақалы Ұзақбай Құлымбетовті ерекше құрметпен қарсы алып, ескерткішке суретке түстік. Осы сурет 1937 жылы маған пәле болып жабысты. «Халық жауын» құшақтап тұрсың», − деп Бутыркада тепкілеп сабады. «Калининді де құшақтап тұрмын ғой», − десем, одан сайын кеп тепкілейді. «Халық жауының сыбайласы екеніңді мойында», − деп өлімші қып ұрады. Камераласым генерал еді, түнде қабырғаны тықылдатып сөйлеседі.
Мойындаса да, мойындамаса да, түрменің астындағы жертөлеге алып барып, атып жатыр. Не болса да мойындамау керек, − деді ол.
Бір күні жертөлеге түсірді. Санап тұрмын, 10 адам екенбіз. Басымызға қапшық кигізе бастады. Генералдан естіген хабарым бар, енді өлдім ғой деп тілімді кәлимаға келтіріп, иманымды айта бастадым. Мылтық тарс ете қалды. Есімді жисам, оң қолымды сермелей айқайлап бара жатырмын! «ЦК, Компартия, товарищ Сталин!»… Шамасы, орындаушының қолы қалтыраған болуы керек, қарақұсқа атқан оқ мойныма тиіп, тесіп өте шыққан. Айқайлай беріппін. Есімді жиып: «Қағаз, қалам әкел», − деп тағы айқайладым. Өлім жазасы екі рет орындалмайды. Жазаның түрмеге ауыстырылуын сұрап, хат жаздым. Сөйтіп, 25 жылға жаза кесті. Оның 18 жылын түрмеде өткізіп, бостандыққа шықтым».
Ұзақбай Құлымбетов 1926 жылы Республика Халық Кеңесі төрағасының орынбасары, сонымен қатар Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқарды. Ол 1927 жылы сәуір айында Өлкелік партия комитетінің өндірісті көтеру мәселесін қараған мәжілісінде қортынды сөз сөйледі. «…Ресейдің халық шаруашылығы кеңесінің мекемелері көбінесе Қазақстанда сауда, пайданың артына түсіп кетеді. Олардың сол пайда көріп отырған Қазақстанның өнерлі кәсібінің күшеюіне де жәрдемдес, тілектес болуы керек қой. …Дұрысында біздің Орталықтан алғанымыздан да, бергеніміз көп, шындап келгенде біз Орталықтан алмауға да, оған бермеуге де тұрамыз. Оған Орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін». («Еңбекші қазақ», 1927. 1 мамыр, №92).
Оның осы сөзінен қызметін жеке басының мансабы үшін атқармағанын, Қазақстанды тек шикізат көзіне ғана айналдырғысы келген Орталыққа басқалардай бас изеп көне бермей, өз қарсылығын батыл білдіргенін байқаймыз. Оның бұл талабы Орталыққа жақпағаны да анық.
1927 жылы Өлкелік комитеттің астананы Қызылордадан Алматыға ауыстыру жөніндегі қаулысы шығып, арнайы комиссия құрылды. Негізінен бұл идеяны кезінде Тұрар Рысқұлов ұсынған болатын. Ал қаулыны жүзеге асыру Ораз Жандосов пен Ұзақбай Құлымбетовке тапсырылған. Олар Жетісу жеріне келіп, тау бөктеріндегі Алматымен танысты. Құлымбетов болашақ астананың құрылысы мен инфрақұрылымдарына жауап берді. Екі жыл дайындық нәтижесінде Алматының қазіргі Панфилов көшесі бойынан жаңа Үкімет үйі салынып, бірнеше мекеме ғимараттары мен тұрғын үйлер бой көтеріп, қыруар жұмыстар атқарылды.
Алайда Ф.Голощекиннің 1928 жылы республикада ауыл шаруашылығын шұғыл коллективтендіру жөніндегі солақай саясатымен басталған тәркілеу орта шаруалар мен байлардың малдарын еріксіз тартып алуға ұласып, елді аштыққа ұрындырып, экономиканы құрдымға тіреді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранымен жүргізілген ұрда-жық науқан мал басын 40 миллионнан 4 миллионға дейін күрт төмендетіп жіберді. 2,5 миллионнан астам адам сол зауалды нәубеттен көз жұмды. Аштыққа ұрынған қазақ халқы босқынға айналды.
1929 жылы көктемде Үкімет Алматыға қоныс аударды. Сол жылы Қазақ Өлкелік комитеті мен БК(б)П өлкелік бақылау комиссиясының мүшелерінен арнайы тексеру комиссиясы құрылды. Оның төрағасына Богданов тағайындалды. Олар партия қатарын тазалау барысында жау элементтерін анықтау үшін қитұрқы жолмен «сын мен өзара сынды» ойлап тауып, оны барынша күшейтті. Комиссия соның арқасында көздеген мақсаттарына жетті де. Қазақ зиялыларының біразына жала жабылып, бірқатары «ұлтшыл» деген айыппен қызметтен қудаланып жатқан. Республика баспасөзі партия қатарына еніп кеткен «ұлтшыл элементтер» деген желеумен кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күрестің барынша күшейтілгені жөнінде ауық-ауық хабарлар таратумен болды. Оларға қазақ әдебиеті саласында да үн қосып жатқандер аз болған жоқ. Әдебиетшілер газетінде «ұлтшыл-ауытқушылар» атанғандар өткір сынға алынды. Губерниялар мен уездердегі тазартуларды Өлкелік Атқару комитеті тікелей қадағалап отырды. Үкімет орындарында қызмет ететін А.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, К.Арғынғазин, А.Мусин, А.Сейітов және тағы басқаларға кезінде Алашорда үкіметінің құрамында жүріп, Кеңес өкіметіне қарсы болған деп айып тағылған. Ұзақбай Құлымбетов те комиссия назарынан тыс қалған жоқ. Оны «Құлымбетов өмірбаянында 1919 жылы Кузнецов жасағынан кетуін жасырып қалған» деп айыптады. Құлымбетов комиссия төрағасы Богдановтың атына жазған түсініктемесінде: «Өмірбаянымда 1919 жылы қызылдардан ақтар жағына өту жайында жазбауымның себебі сол жылдың соңында Ырғызда Ә.Жанкелдин осы жайға тексеріс жүргізіп, «Қызыл жасақтың тоз-тоз болып кетуі Киселев пен Кузнецевтің дұрыс басқара алмағандығынан» деген қортынды шығарып, бізге Кеңес өкіметін ауылды жерлерде орнатуға, сол уақыттағы пайда болған бандиттермен қарсы күресуді ұсынғаннан кейін оны көрсетуді жөн деп таппадым», − деп жазған. Оны жазадан Ә.Жанкелдин құтқарып қалды.
Ф.Голощекиннің қылмысты саясатына қарсы тұрғандардың бірі Ұзақбай Құлымбетов еді. Ол 1933 жылы 10-16 тамызда Өлкелік партия комитетінің VI-шы пленумында мінберден ауыл шаруашылығының осыншалық құлдырауының себебі коллективтендіру саясатының дұрыс жүргізілмеуінен, жергілікті ұлттың күн көріс жағдайын ескермеуінен екенін ашып айтқан. Бірақ Голощекин өзінің арам ойын жүзеге асыру үшін жеке билігін пайдаланып, өлкелік партия комитетінің қаулысын бұзып, барлық облыстарға ет тапсыру жөніндегі бұйрығын жолдады. Бұл аштықтан тұралаған халыққа ауыр соққы болып, қалың бұхараның толқуына алып келді. Сондай толқулардың бірі Маңғыстау түбегіндегі «Адайлар көтерілісі». Сондағы жағдайды реттеу үшін Өлкелік комитет пен Республика Халық комиссарлар Кеңесі Ұ.Құлымбетов басқаратын мемлекеттік комиссия құрды. Ол халық толқуының әлеуметтік-экономикалық себептерімен нақты таныса келіп, республика басшыларына өлкелік органдардың «коллективтендіру» науқаны кезінде асыра сілтеген істерін сынға алған жеделхатын жолдаған. Сол жеделхатында ол наразылықтың негізгі себебі аштықтың салдары екенін ашып айтқан. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатта оның сол жеделхаттары бар.
«Алматы Өлкеком Голощекинге, Халком Исаевқа, «ПП ГПУ» Данилевскийге. 20 тамыз, Александров фортынан.
Қазақ даласында жергілікті ауылдардағы біздің жұмыс топтарының соңғы мәліметтері бойынша халықтың саяси көңіл-күйінің біздің пайдамызға қарай бұрылғаны анық байқалады. Бұл халыққа түсіндіру, ұйымдастыру және экономикалық тұрғыда тиімді шаралар жүргізудің нәтижесі. Сонымен бірге біздің жасақтар жекелеген бандалық топтардың тиіп-қашпа шабуылдарын тойтаруға мәжбүр болды. Қазіргі таңда кедейліктен қоныс аударған тұрғындардың көбі орта шаруа. Жалпы алғанда бандалық топтардың әрекеті бәсеңсіп, солтүстікке қарай ығысуда. Мұндағылар жүн және тері шикізатымен қоса ірі қараны сатуға шығарып отыр. Төрт сауда-саттық орны бар. Оның ерекше біреуі дала қазақтарына арналған және кәсіптік балықшыларға қызмет көрсететін арнайы бірқатар дүңгіршіктер бар. Сондай-ақ Өлкеком шешімін басшылыққа ала отырып, тәркіленген және дайындау ұйымдарынан алынған малды игеруге арнайы экспедиция жіберіп отырмыз. Өз іс-әрекетімізді әр ауылдағы саяси жағдайды саралай отырып, соған сай жоспар тәсілдерін қолдандық. Қайткен күнде де тамыз-қыркүйектің қалған күндерінде кемінде 20 мың қойды тиеп жіберуді көздеп отырмыз. Себебі Сізге белгілі себептерге байланысты қаңтар мен сәуірде ешқандай ірі қара дайындау жұмыстары болмас үшін қазан-желтоқсан аралығында ірі қара дайындаудың жоспарын мейлінше орындаймыз. Сізге өтініш, біріншіден, Өлкекомның бұрынғы шешімін қолдана отырып, бандалық топтардың шабуылына байланысты сотқа жіберілген жеделхат жеткенше Даниловскийге байлардан тәркіленген мүлік пен малды пайдалануға нұсқау берілсін. Екіншіден, менің «ЦСНХ»-нің өнеркәсіп комбинатына 30 мың сом аудару жөніндегі өтінішімді Жер жөніндегі халық комиссариатының қабылдамағаны туралы Жоғарғы сот шешімімен жауап беруін өтінемін.
Құлымбетов,
- 08. 31.»
Ол Голощекин мен Исаевқа жолдаған келесі бір жеделхатында:
«Жағдайды түзеп жатқан секілді жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта әрбір аумақты іскерлікпен басқару үшін, қомақты көмек керек және ылғи да айтатынымыздай барлық ауданға жекелей, әркелкі көңіл бөлу қажет-ақ.
Өңірлердің жан-жаққа тарқауына айтарлықтай механикалық айналып жүру аурулары себеп болуы мүмкін. Мен екінші не, үшінші ескерту жеделхатымнан кейін ғана Халком мен Шаруашылық ұйымдарынан жауап аламын. «НК РКИ» өңірлік мәселелерге басшылық етумен нақты айналысса екен. Біздің басшылар жұмыс сапасы үшін күрес жүргізсе деймін.
Өлкедегі органдардың өз жұмыстарын қалай болса солай атқарып жатқандары туралы менде дәлелді материалдар жетіп жатыр. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Жұмыс күшін әлі де нығайту керек. Әзірге осы.
Коммунистік сәлеммен Құлымбетов».
(Қор №30. Тізбе №7. Іс №127)
Кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың оқиғасы шындыққа негізделген «Даладағы қуғын» фильмі бар. Фильмде «тәркілеу» мен «отырықшылдықтан» қашып, жан сауғалап, Қытайға қарай босқан халықты НКВД жасақтары таудың тар қолтығында күтіп алып, талайды жер жастандырғаны көрсетіледі. Осы бір эпизоды үшін фильм ондаған жылдар бойына экранға шығарылған жоқ. Құлымбетов осындай келеңсіз жайдан хабардар болса керек. Қытайға қарай шекара аспақшы болған біраз босқын ауылдарға өзі барып, НКВД жасақтарына оқ шығартпай кейін қайтарған. Оларды Семей мен Жетісу губернияларына орналыстырып, материалдық көмектер көрсетуге ықпал етті.
Ол Өлкелік комитеттің кезекті мәжілісінде халықты азық-түлікпен жедел қамтамасыз етпейінше олардың ата қоныстарын тастап, көршілес Ресей, Тәжікстан, Түркімения, Өзбекстан, Иранға ауа көшуін тоқтату мүмкін емес екенін ашып айтқан. Мамандардың мәліметіне жүгінсек. 1930-1933 жылы Қазақстаннан іргелес республикаларға 400 мыңнан астам, Қытайға 100 мыңнан астам адам босқан екен. Жете алмай аштықтан жер құшқандары қаншама. Құлымбетов осы қыруар адам шығынын алып келген нәубетке байланысты кейіндеу болған үлкен бір жиында: «…Мен өз рөлімді аппаратты «бүлдірушілер» қатарына қоспаймын. Маған не істе десе соны істедім. Кінәлілер – Голощекин мен Исаев… Осы кемшіліктер үшін Өлкелік комитеттің бұрынғы басшылары ғана емес, бүкіл Қазақстан партия ұйымы кінәлі. Біздер бұл кемшіліктерді алдағы уақытта қайталамас үшін айрықша атап көрсетуіміз керек».
Ұзақбай Құлымбетов ауыл шаруашылығындағы бұл ауыр жағдайды халықтан жасыруды жөн көрмеді. Сол үшін күрсті де. 1932 жылы Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде ол: «…Коммунистер, әсіресе, қазақтар осы былықтардың бәрін көре отырып, неге Өлкелік комитетке айтпайды? Біздер неге ауылдағы жағдайды активтердің назарына салмаймыз?» – деген. Өкінішке қарай, Құлымбетовтің бұл жанайқайы өлке басшыларынан қолдау таппады.
Ал 1933 жылы 10-16 тамыз күндері Өлкелік партия комитетінің кезекті пленумында Ұзақбай Құлымбетов мал шаруашылығының құлдырап кету себебін ауыл тұрғындарының өмір сүру ерекшеліктерін ескермей, отырықшылыққа көшіру науқаны күштеу тәсілімен жүргізілгенінен болғанын қайта алға тартты. Бірақ өзімшіл-озбыр Голощекин бұл жолы да құлақ аса қоймаған. Құлымбетов пленумнан кейін Республика Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаев екеуі Голощекиннің қабылдауында болып, облыстық комитет хатшыларының ауыл жөнінде ешқандай алаңдамайтындарын, жағдайды түзетуге шара қолданбай жүргендерін ескертіп, осы пленумның ізін суытпай олармен арнайы кеңес құруды ұсынған. Пленумның стенограммалық жазбасында Голощекиннің: «Сіздерге не керек? Маған не істе дейсіңдер? Бір ғана талқылаумен бұл елдің ежелгі көшпелі тұрмыс салтын өзгерте аласыңдар ма?», – деген сөзі бар. Осыдан-ақ оның кеңесті шақыруға қарсы болғаны, бұл өзекті мәселені көтергісі келмегені анық байқалады. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген. Бай-бағландары «тәркіленген», кедей-кепшіктері зорлықпен «коллективтендірілген» қазақтың қолында малы қайдан болсын. Талғажау етер бір үзім нанға зар болып қалған қазақтың дала мен қалада тентіреп, аштан қынадай қырылып жатқанын Голощекин білмеді дейсіз бе? Алматының теміржол вокзалында, автобекет стансасында, базар маңында, қала берді көшелерде аштан есінен танып, ісіп-кеуіп жатқандарды көрмеді дейсіз бе? Білгенде, көргенде қандай. Оған өзі іштей жек көрген бұратана ұлттың аштан қырыла бергені керек еді. Алайда Исаев пен Құлымбетов Голощекинге осы мәселе бойынша талқылауға облыстық комитеттердің хатшыларын шақырмайтын болса, Мәскеудегі Орталық Комитетке хабарлайтындарын ескертеді. Голощекин содан кейін ғана мәселені бюроның талқылауына қоюға амалсыз келісім берген. Ұлтына жаны ашып, мүддесін ойламаса Құлымбетов сондай арнайы кеңес құруды Голощекинге табанды түрде ұсынып, талап етер ме еді!? Бірақ өкінішке қарай, одан да шыққан нәтиже болмады. Ал аштықтан адамдар қынадай қырылып, қалғандары жан-жақтағы елдерге сүлделерін сүйретіп, босып жатты.
Ұзақбай Құлымбетов 1934 жылы қаңтар айында өткен Өлкелік партия комитетінің VIII-ші конференциясында: «30-шы жылдың мамыр айынан бастап, 34-ші жылы түгелімен мен Қазақстан Халком төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Өмірімнің бұл кезеңінің алғашқы жартысы (30-31 жылдар) Қазақстан өлкелік басшылығының, кеңес және партия ұйымдарының жіберген қателіктері салдарынан ауыл мен селодағы асыра сілтеушілікке тұспа-тұс келді. Мен Өлкелік комитеттің және оның хатшысы Ф. Голощекиннің ауылды басқарудағы әдіс-тәсілдеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік комитеттің бюро мүшесі ретінде жіберген қателіктерге жауап беремін», − деген. Оның осы сөзінде қаншама сыр, жан тазалығы, азаматтық ар алдындағы ішкі өкініші жатыр. Үлкен жиында басшылықта болған басқалар бар кінәні тек Голощекинге аудара салып жатқанда, ол арына жүгініп, ағынан жарылып, өзіне де кінә артып отыр.
1935 жылы 9 қаңтарда Ұзақбай Құлымбетов Қазақ АКСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып ұсынылғанда баяғы Киселев оны ұлтшыл ретінде айыптап, өз қарсылығын білдірген. Өлкелік партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Левон Исаевич Мирзоян: «Құлымбетов қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, адал адам, оның адалдығына күмән келтірмеймін. Құлымбетовтің кандидатурасы үшін дауыс беремін», − деп қолдау көрсетті. Ол жаңа қызметте Голощекиннің кезінде озбырлықпен жүргізілген асыра сілтеудің зардаптарын жоюға бар күшін салды. Сондай-ақ «Карлаг» пен «Алжир» секілді жазалау лагерьлерінің Қазақстан жерінен орын алуына қарсы болды. Бірақ Мәскеудің тікелей қолдауындағы НКВД белден басты. Өкінішке қарай, арада екі жыл өткен соң Мирзоян да осы мекеменің қолшоқпарына айналып, бірнеше жүздеген адамды жазықсыз жазалауға ұсынған.
Құлымбетовтің Алаш қайраткерлерімен жолы бір болмаса да, түркі халықтарын біріктіріп, тұтас ел етуді ойлап, сол үшін күрескен Мұстафа Шоқайға деген іштей құрметі зор екенін оның туыстарына жасаған жанашырлығынан сезінесіз. Сол бір қилы заманда Сталин Кеңес өкіметінің жауы санаған жанның аты-жөнін атаудың өзі кешірілмес қылмыс екеніне қарамастан туған-туыстарына қол ұшын беруі оның адами қасиетін білдірсе керек. Профессор Көшім Есмағамбетов: «…Мұстафа Шоқайдың туған жерінде болып, туыстарымен кездескен едім. Әңгіме барысында олар М.Шоқайдың туысы ретінде кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, көп қиындық көргендерін айтты. Олардан естігенім сол кезде басшылық қызметте болған Ұзақбай Құлымбетовтің сол Мұстафа Шоқайдың туыстарына әртүрлі мәселелер бойынша көмектескен, жәрдем берген кездері де болыпты. Яғни, бүкіл ел-жұрт Мұстафаны «жау» деп сырт айналғанда, Ұзақбай Құлымбетов жоғары шеніме, мемлекеттік қызметіме қауіп төнеді деп қорықпастан, оның жазықсыз жапа шеккен туған-туыстарына мүмкіндігінше қол ұшын берген. Мұның өзі Ұ.Құлымбетовтің адамгершілігі зор, ақыл-парасаты биік тұлға болғанын көрсетеді», − дейді. Профессор Мұстафа Шоқайдың туған-туыстарының «әртүрлі мәселелер бойынша көмектескен» деп айтқанын ауызға алғанына қарағанда ол Шоқайдың ағайындарына тек материалдық көмек беріп қана қоймай, оларды қудалауды тоқтатуға да өз тарапынан астыртын ықпал етуі де мүмкін ғой.
Өлкелік партия комитетін Филипп Голощекин басқарған сегіз жыл ішінде іс қағаздарын орыс тілінде жүргізу барынша күшейтілді. Бұл ұлтты орыстандыру саясатының мылтықсыз майданы еді. Қалада тұрып жатқан аздаған қазақтар балаларын орыс мектептеріне оқуға беріп жатты. Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, «Орысша білмесең, кейін нан тауып жей алмайсың» деген сөз сол кезден шыға бастаған екен. Солай тіліміз жайлап қолданыстан шыға бастады. Әрине, бұл ұлттық менталитетке де өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Енді ғасырлардан қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр ескіліктің сарқыншағы ретінде қаралып, тарих сахнасынан шығып қалу қаупі тұрді. Алаш арыстары орыстандыру саясаты жұртты өз ұлтының құндылықтарынан бездіретінін сол кезде-ақ сезініп, сол кездегі басылымдарға қарсы пікір жаза бастаған. Дәл сондай қауіп Ұзақбай Құлымбетовтің бойында да болды. Бірақ Голощекиннің тұсында оны жүзеге асыру мүмкін емес еді. Голощекин биліктен кетіп, орнына Левон Исаевич Мирзоян келісімен арнайы қабылдауында болып, «коллективтендіру» мен «тәркілеуден», ашаршылық нәубатынан кейін кенжелеп, тұралап қалған ұлт мәдениетін көтеру жөнінде ұсыныстар жасаған. Ол үшін сыртта жүрген, білікті мамандарды елге шақыру керектігін жеткізді. Мирзоян оның бұл ұсыныстарына қарсы болған жоқ. Ұзақбай Құлымбетов өзбек жерінде жүрген қазақ халқының музыка өнері мен этнографиясын жақсы білетін Темірбек Қараұлы Жүргеновті елге шақыртып, ұлт мәдениетін көтеруді тапсырды. Жүргенов мұны санаулы жылдарда жолға қойды. 1936 жылы Мәскеуде болған онкүндік декадада ұлт мәдениеті мен өнерін жаңаша сипатта көрсете білді. Сондай-ақ, парсы тілін жетік білетін атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовке Фирдаусидің әлемдік әдебиеттің алтын қорынан орын алған «Шаһнама» дастанын қазақ тіліне аудартты. Ізтілеуов «Шаһнаманы» тұрандық үлгісінде өмірге қайта келтіріп, екі елдің мәдени байланысына үлкен үлес қосты. Құлымбетов солай орыстандыру саясатына ұлттық мәдениет пен әдебиетті тосқауыл етті. Ол ұлтын жанындай сүймесе, осындай істі халық игілігіне айналдырар ма еді? Кейін ұлтын сүйген осы істері үшін де «ұлтшыл» атанып, «халық жауы» болатынын қайдан білсін.
Ұзақбай Құлымбетов қызмет бабымен ара-тұра Мәскеуге барып тұратын. Ол барған сайын Тұрар Рысқұловтікіне соқпай кетпейді екен. Тұрардың әйелі Әзиза ол туралы геолог Молдияр Серікбаевқа айтқан естелігінде: «Ұзақбай келген бойда Тұрар үйде отырған маған телефон шалып: «Елден ақсақал келді. Қазаныңды көтере бер», − деуші еді. Мен түстік асты дайындап қоятынмын. Екеуі стол басында отырып, ел жайында сөйлесіп, пікір алысатын. Олардың өндіріс орындарымен бірге мал шаруашылығын көтеру жөніндегі ойлары бір жерден шығып жатушы еді. Сонда байқағаным Ұзақбай өз ойын қысқа және нақты жеткізеді екен», − деген.
1936 жылы республикада тұралаған ауыл шаруашылығын қайта көтеру шаралары қызу жүріп жатты. Сол жылдың 10 қаңтарында Республика Халық шаруашылығы комиссарлар кеңесі Моңғолиядан асыл тұқымды түйе әкелуге қаулы қабылдады. Сол қаулыны іске асыру үшін Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Моңғолиядан 8 мың бас асыл тұқымды түйе әкелуді қолға алған. Ол түйе малының қыр-сырын жетік білетін маман Тел Жаманмұрыновты жанына ертіп, Мәскеу арқылы Моңғолияға жол тартып, сегіз айдан соң оралады. Солай жартылай көшпелі мал шаруашылығын қайта дамытты.
Арада бір жыл өткен соң оның бұл сапары бұрынғы қарсыласы Киселев үшін қаралаудың оңтайлы сәтіне айналды. Ол Мирзоян мен «үштікке» Құлымбетовтің үстінен арнайы шағым түсіреді. «Ұ.Құлымбетов пен Т.Жаманмұрынов аса күдікті жандар. Олар Моңғолияға барғанда жапон тыңшыларымен астыртын байланыс жасасып, Қазақстанды Одақтан бөліп әкету жолдарын қарастырған». Киселев сол жылы осындай жалалы хатты Т.Жүргеновтің үстінен де жазған. Бұл кезде Кеңестер Одағы мен Жапонияның арасы қырғи-қабақ жағдайда еді.
«Казахстанская правда» газеті 1937 жылы 6 тамызында «Беспощадно выкорчевать из всех щелеи национал-фашистскую мраз!» атты материал жариялады. «…Ловко маскирующися бандитам удается пробираться на ответственнейшие государственные посты, в руководящие партийные органы. Одним из таких двурушников является Кулумбетов – бывший председатель ЦИК КССР, ныне разоблаченный органами НКВД в прямой измене и предательстве Родины. Национал-фашист Кулумбетов – это свинья с лисьей хитростью, ловко маскируясь, долго оставался неразоблаченным».
Аталмыш газет өзінің сол жылғы 22 қыркүйектегі санында К.Пуховтың «Правда» газетінде жарияланған «На поводу у буржуазных националистов» атты мақаласын (От корреспондента «Правды» по Казахстану) деген тақырып асты атаумен көшіріп басты. Мақалада тағы да Құлымбетовке жала жауып қаралаған.
«…Еще во время обмена партдокументов Кулумбетов категорически отказался осветить свою деятельность в 1919 году. Горком немедленно сообщил об этом секретарю крайкома партий тов. Мирзояну. Крайком предписал немедленно и без разговоров выдать Кулумбетову новый партбилет.
Где же все-таки был Кулумбетов в 1919 году? Оказывается, уже тогда началась его предательская работа против Советской власти – он разложил один из отрядов Красной Армии и бежал к белым. Бывший командир Красноармейского отряда тов.Киселев, на глазах у которого совершил свою подлую измену Кулумбетов, работает сейчас в Алма-Ате. Он дважды пытался разоблачить Кулумбетова – сначала на городской, а потом на областной партконференции. Однако, секретари алма-атинского обкома Садвокасов и Юсупов, зная о чем хочет говорить Киселев, не допустили его на трибуну конференции, насильно зажали ему рот. Киселев не сдался и продолжал борьбу. Накануне первого партсъезда Казахской республики, он подал заявление о Кулумбетове в крайком. Для отвода глаз там создали комиссию по разбору этого дела, а через несколько дней на съезде, тов. Мирзоян сообщил решение крайкома – рекомендовать Кулумбетова в состав членов избираемых в ЦК КП (б) Казахстана. Делегаты съезда были взволнованы этим сообщением и несмотря на длительное сопротивление президиума, добились того, чтобы Киселеву предоставили слово для разоблачения подлинного лица врага.
Киселев приводил неопровержимые доказательства тягчайщих преступлений Кулумбетова. Однако, фамилия последнего все же осталось в списке кандидатур, намеченных к голосованию в ЦК КП (б) Казахстана. Тайным голосование Кулумбетова забалотировали.
Это событие произвело огромное впечатление на всю партийную организацию республики. Казалось, ЦК КП (б) Казахстана не замедлит сделать необходимые выводы. Коммунисты искали объяснения, почему партийный съезд выразил политическое недоверие председателю ЦИК. Но причины провала Кулумбетова тщательно скрывали. А спустя месяц после съезда органы НКВД разоблачили Кулумбетова как буржуазного националиста-врага казахского народа».
Сол жылдың 27-ші қыркүйегінде Ұзақбай Құлымбетов қамауға алынды.
1938 жылы 22 наурызда «халық жауы» деген айыппен атылды. Әйелі Әйіш Оспанқызы «Алжирде» «халық жауының» әйелі ретінде азап шекті. Балалары мен туыстары қоныс ауыстырумен өмір кешті. Ұзақбай Құлымбетов тек 1958 жылы ғана КСРО Жоғарғы сотының шешімімен толық ақталды.
P.S. Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетов туралы әлі күнге екіұдай пікір айтылуда. Оның біріншісі, халқына адал қызмет еткен десе, екіншісі, «тәркілеу» мен «коллективтендіру» кезінде Кеңес өкіметінің қолшоқпары болды деп сәуегейлік жасалуда. Құлымбетовтің өмір жолын саралап, сараптасақ өз ұлтына деген жанашырлық қызметі екінші пікірді жоққа шығарады. Оны зерттеген біраз кәсіпқой тарихшылардың еңбектерінен де көреміз.
Тарих ғылымдарының докторы, ҒА-ның мүше-корреспонденті Мәмбет Қойгелдиев: «Ұ.Құлымбетов күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қатардағы ауыл мұғалімінен қазақ мемлекетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген күрделі де, бейнеті мол жолдан, бірақ азамат, қайраткер үшін қайталанбас жолдан өтті. Қиын-қыстау кезеңде туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде ол республика тарихында өз орнын сақтап қалатындығы сөзсіз». («Қазақстан коммунисі», 1989 жыл, тамыз).