ҚАЛЫҢМАЛ ҚАЖЕТ ПЕ?
Өз үйіне қонақ, барған жеріне бақ болған арулар. Жақындары орнын төрден беріп, көңіліне қарап құлпыртып өсіреді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бар жақсыны кигізіп, тірлік жайын білгізеді. Осылай әлпештеген алтынын ұзатарда қалыңмал алған дұрыс па, әлде, бұрыс па? «Теңін тапса тегін бер» деген сөз қаншалықты орынды ?
Қазақ дәстүрінде қыз дүниеге келісімен «қырық жеті келді» деп дәріптеген. «Қырық жеті» — қыздың қалыңмал мөлшері. Қалыңмал ұғымы «Жеті жарғы» заңдар жинағында әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай бекітілген екен. Мысалы, «Бас жақсы» — ең жоғарғы түрі. Бәйгеде бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, атан түйе, берен мылтық, мықты сауыт сияқты тек ірі дәулетті отбасылардың арасында жүретін кәде. Одан ары ірі малдың санына қарай «қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» деген түрлері бар. Негізінен жылқы малымен есептелетін болған. Ал, ең төменгі өлшемді «дөңгелек қалыңмал» деп бекіткен. Оның мөлшері – 10 қара мал.
ҚАЛЫҢМАЛ ҚЫЗДЫ САТУ МА?
Сөздің шығу төркініне назар салсақ «қалыңмал» — «қалыңдықтың малы». Яғни, қалыңмалға қанша дүние берілсе де барлығы қыздың жасау-жабдығын дайындауға кеткен. Бұрындары үйленген жастар ата-анасымен бір ауылда, бір жерде тұрғанымен бір шаңырақ астында тұрмаған. Әрқайсының жеке отауы болған. Ол отау қалыңдықпен бірге келген. Киіз үйден бастап, аяқ-табақ, көрпе-төсек, ине-жіпке дейін түгендеген. Қалыңмалдың мөлшері артқан сайын жасаудың да құны жоғарылаған. Қалыңдықтың киім-бұйымы жібектен тігіліп, әшекейлері алтын, күміспен көмкерілген. Ата-анасы қыз ұзатып дәулетіне дәулет қоспайды, қайта қалыңмалдың жетпеген тұсын жеткізіп, баласының абыройы үшін аянып қалмайын деп барын салады.Сондықтан, бұл жерде сауда туралы әңгіме ету жөнсіз сияқты.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Ислам дінінде күйеу жігіт қалыңдыққа «мәһір» береді. Оның құны қалыңдықтың сұрауы бойынша немесе жігіттің жағдайына қарай беріледі. Мәһір – әйелдің жеке мүлкі, оған билік жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Егер үйленгеннен кейін тағдыр талайымен әйел ерінен айырылып жатса сол мәһірмен күнелтетіндей дәрежеде бағалы болғаны дұрыс. Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз жұбайына 500 дирхам мәһр бергені айтылады. Демек, қалыңмал алу шариғат талаптарына қайшы келмейді. Тек, ысырапшылыққа бой ұрмаған жөн.
ТЕРІС КӨЗҚАРАС ҚАШАН ҚАЛЫПТАСТЫ?
Кеңес өкіметінің тигізген көп салқынының бірі – қалыңмалды жеккөрінішті ету. «Әйел теңдігін» жалған жалау етіп, талай ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрдің түбіне құрт түсірмекке бекінді. ХХ ғасырдың басында жазылған романдардың басым көпшілігінде осы мәселе қозғалды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романдарын оқымағанымыз кемде-кем. Көз алдымызға мал үшін шалға сатылып көз жасын көлдеткен жас қыздың бейнесі келеді. Бірақ, бұл да бір саясаттың тигізген салқыны. Бүкіл қазақ байларын озбыр, опасыз, ойсыз етіп көрсеткісі келген өкіметтің бұл да бір құйтырқы жоспары.
БҮГІНГІ МӨЛШЕРІ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Қазақстанның әр өңірінің салты да, ғұрпы да өзгеше. Мәселен, Шығыс жақта «Қалыңсыз қыз болғанымен, кәдесіз күйеу болмайды» деген пікірді ұстанады. Қалыңмал деп атап алмаса да, құдаларынан талап ететін түрлі кәделері көп. Тіпті, Өскеменнен қыз алған әпкеміздің «қаптаған кәде деп шашылдық, бұдан бір қалыңмал төлеп құтылғанымыз жақсы ма деп қалдым» дегені бар. Ал, Орталық Қазақстанда «ана сүті» деп беріледі. Бүгінде 500 мың теңге көлемінде. Оңтүстікте қалыңмал мөлшері 600 мың мен 1 миллионның арасында. Қатып қалған баға жоқ. «Бай мен бай құда болса арасында жорға қатынайды» дегендей, дәулетіне қарай көбірек беретіндер де кездеседі. Бұл алыс-беріс мәселелері тойдың алдындағы құдалар кездесіп кеңесетін «тәтті шәй» дастарқанында шешіледі.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясында» Қызтумас әжесінің «Қалыңмал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы емес пе. Менің шешеме де қалыңмал төлеген, маған да қалыңмал төледі. Қалыңмалсыз өзге босағаны аттаған қызда қандай қасиет бар дейсіз? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме? Қалыңмал алмадым дегенше – жасау жасалмайды, той өтпейді десеңші. Оның не қасиеті қалар дейсің» деп күйіп-пісетіні бар. Расында да, қыз ұзатып өрісін кеңейткен қазақ үшін қалыңмал деген кәденің орны бөлек.
Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.