ҚАНДАС БАУЫРЛАР ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНМЕН БІРГЕ

1990-шы жылдардағы көші-қонның әртүрлі бағытта болғанын түсінудің маңызы зор. Елден көптеген тұрғындар үдере көшіп жатқанда шетелдерде тұратын қазақтар, керсінше, тарихи отанына орала бастады.

Шетелдегі қазақ диаспораларының сан мыңдаған өкілдері елдегі экономикалық дағдарыс пен тұрмыстың төмендігіне қарамастан, тәуелсіз Қазақстанға ағыла бастады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар еді.

Тек қана стихиялы емес, сондай-ақ тәртіппен жүргізілген бұл үдеріс ел үшін ауыр соққан көші-қон зардаптарының орнын толтыра алатыны белгілі болды. Басқаша айтқанда, қысқа мерзім ішінде тиімді көші-қон саясатын жүргізу керек еді. Бұл міндеттің өзектілігін кезінде Қазақстаннан амалсыз көшіп кетуге мәжбүр болған қандастарымыздың тарихи отанына оралуына жағдай жасау туралы айтылған Стратегия-92 айқын дәлелдеп берді.

1992 жылдың 26 маусымында қабылданған «Иммиграция туралы» заң тарихи отанына оралғандарға репатриант мәртебесін беретін. Билік өз шешімі арқылы олардың орналасуына тиісті аймақтаржы бөліп, материалдық-қаржылық көмек жасады. 1991-1994 жылдар аралығында Қазақстанға 122 мың қазақ, оның ішінде бұрынғы одақтас республикалардан – 57 мың, Моңғолиядан – 21 мың, Ираннан – 3,7 мың, Түркиядан – 1,9 мың адам қоныс аударды.

Қазақтардың атамекеніне бет алған тарихи көші, бейнелі түрде «Нұрлы көш» деп аталды. Қазақстан мемлекеттік репатриация саясатын жалғасты түрде жүргізген әлемдегі санаулы елдердің біріне айналды.