«ҚАРА ӘМІР»

Республикалық «Дөңгеленген дүние» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, байырғы журналист Аманғали ӘБУОВ детектив жанрына жазылған, шытырман оқиғалы «Қара Әмір» романы, «Ерте есейген қыз» және «Белгісіз мүрде» хикаяттарының авторы. Біз бүгіннен бастап қаламгердің шығармаларын назарларыңызға ұсына бастаймыз.

Екеуі де үнсіз. Келіншек жігітке қарай бұрылып, оны құшып алқымынан иіскеп, құшырлана қысқысы келіп еді, бірақ олай етпеді. Қорықты. Шотмаңдай, қалың қабақ жігіттің түсі суық. Жігіт болса төбеге қарап шалқасынан қимылсыз жатыр.

-«Сарыағашты» әкел, бар, — деді әлден уақытта қалпын өзгертпестен. Бұл орнынан көтеріліп халатына қол соза беріп еді, әмірлі үнмен:

— Солай бара бер, — деп күңк етті. Суды шалқалай жатқан қалпы қылқылдатып жұтып орталап барып тоқтады.

— Бүгінгі автобуспен кетемін, ақша керек, — деді киініп жатып. Келіншек әкеліп берген ақшаны қалтасына салып алған жігіт есік аузына барғанда артына бұрылып:

— Қайтып келген соң соғамын, — деп бұған тағы бірдеңе айтуға оқталғандай сәл қадала қарап, қалың қастарын керіп ойланып тұрды да, үндеместен қоштаспай шығып кетті.

Әзиза үнсіз ғана оның артынан есікті жауып алды. Ас үйге барып жартысынан аздау қалған арақты шәй кесеге жартылай құйып алды да тартып жіберді. Ашырқанбастан есеңгірегендей ескі орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Содан қимылсыз ұзақ меңірейіп отырды. Келіншектің қос жанарынан аққан жас бүйрек бетімен төмен сырғып бара жатты.

Ол Әмірді Арыс өзенінің бойындағы «Социализм» ауылына келін болып түскеннен таниды. Онда Әмір сегізінші класты жаңа бітірген бозбала болатын. Әзиза келін болып түскен үйден кейінгі үшінші үйде тұратын. Отбасында оншақты жаны бар Әмірдің әке-шешесі мақташы болғандықтан көктемнен күзге дейін, мақта жиылып алынғанша таңның атысы, күннің батысы мақталық алқапта жұмыс істейтін де, үйде қалған үбірлі-шүбірлі бала-шағаға осы Әмір мен әпкесі бас-көз болатын. Үй шаруасын да екеуі тындырып, тамақ-шәйін де өздері пісіретін. Бұл көрші болғандықтан олардың үйіне жиі бас сұғатын. Сонда Әмірдің бірде тамақ жасаса, бірде кішкентай інісінің жаялығын, не дамбалын жуып, тіпті бірде ертелетіп сиыр сауып отырғанын да көрген. Ол мектепте де жаман оқымайтын сияқты еді, әрі күрестен мектеп атынан түрлі жарыстарға барып-келіп жүретін. Мектеп бітіретін жылы көктемде аудан орталығындағы үлкен бір жиында күреске шығып «Урал» мотоциклін жеңіп әкелген. Әкесі көрші-қолаңға жуып, мәре-сәре болып қуанған. Бірақ, кейін әкесін сабап, сол мотоциклін мініп қашып, сатып жібергенін де естіген.

Мектептен соң Әмір жүргізушілік курсты бітіргенімен ешқайда жұмыс істемей әскерге шақырылғанша ауылдағы ең төбелесқор бозбаланың бірі ретінде аты шығып, бос сенделіп жүрді. Өзінің қатары түгілі ересектер де одан қаймығатын. Содан ол армияға кетіп ауыл тыншыған. Өзінен бірнеше жас кіші сол Әмірмен араға біраз жыл салып жолығамын, көңілдес боламын деп ойлап па, ол кезде Әзиза.

Әзиза келін болып түскен үйінде төрт жылдай тұрып екі сәбилі болды. Бірақ ынжық күйеуі мен енесінің қыңырлығына шыдамай ақыры ажырасып төркініне келген. Ата-анасының үйінде мұнымен екі баласынсыз да ауыз жеткілікті. Сосын масыл болмайын деп іліккен жұмысты жасап, сауда істеп тиын-тебен тауып жүрді. Итшілеп іліккен затпен сауда жасап жүргенде бір таныс әйел Жезқазғанға барып сауда жасауға шақырды. Тауар айналымын жақсартып алғанша біраз қаржы беріп көмектесті. Алғаш алыс жерге шығып көрмегендіктен елегізігенімен кейін үйреніп кетті. Саудасы да жақсы, үйіне әжептәуір қаржы да жіберіп тұрады.

Бір жолы базарда сауда жасап тұрғанда ортадан биіктеу бойлы, кең иықты, қоюлау қара қасты жігіт Әзизаның көзіне жылы ұшыраған. Есіне түсе кетті, Әмір екен. Соқтауылдай келісті жігіт болыпты. Бұл өзі шақырып алып сөйлесті. Бірге тұратын көрші әйел Түркістанға тауарға кеткен еді, Әмірді кешке үйіне шақырып, шымкентшелеп палау жасап берді. Екеуі «жүздетті», ақыры ол қонып қалды. Барлық бәле содан басталды. Әмір Жезқазғанда көп кідірмейтін, бірде Қарағандыға, бірде Шымкентке, енді бірде тағы басқа жағында жүре беретін. Бірақ Жезқазғанға келген сайын мұның базардағы орнын сырттан байқастап, қасындағы әйел жоқ болса үйіне келіп қонатын.

Алғашқы кезде тегеурінді жас жігіт еркексіреп жүрген жас әйелге жақсы болып еді. Тамаққа тойдырып, қасына қондырып, қалтасына аздап ақша салып беретін. Бір жолы бес мың теңгесі жоғалды. Әмір келгенде содан сұрап еді, оның көзі шатынап кетті. «Екінші рет бәлеңді маған жапсаң бауыздай саламын», деп шаппалы қанжарын мұның тамағына тақап, «маған қажет болса бес мың емес, елу мың теңгені өзің қалтама салып бересің, түсіндің бе», дегенде оның отты көздері жыртқыштың жанарындай қанталап кеткендей болған. Зәресі ұшқан Әзиза мына түрімен әкесін сабамақ түгілі өлтіре салудан да тайынбас, деп ойлаған.

Қорқып қалғаны сонша арбалғандай соның айтқанынан шықпайтын болды. Осы Жезқазған базарында қызулау екі жігітпен бір өзі төбелескенін де көрген. Әмір өзімен тұрқы шамалас әлгі екі жігітті аяусыз ұрып-теуіп жайратып салып, ештеңе болмағандай жөніне кеткен. Сондағы сұсты түрі тіпті кісі шошырлық еді. Бүгін де, міне, қызылкөзденіп келді де тамақ-арақ ішіп, мұны төсекке алып ұрып жәукемдеген соң ақша алды да кетті…

Бұл кезде Әмір Бетпақдаланың ұшы-қиыры көрінбейтін маң даласында оңтүстікті бетке алып артынан шаңын шұбалтып кетіп бара жатқан «Кабз» автобусының ішінде қалғып отырған. Автобустың алдыңғы екі-үш орындығында кәрі-құртаң, жас балалы кісілер, арт жағындағы сәкіленіп киіз төселген жайдақ орындарда қалғандары сығылыса жайғасқан. Ең артта алашамен жауып қойған мал терілеріне таяу жерде, бұрышта жамбастай отырған Әмір жанындағы отыздардағы келіншектің өзіне басын сүйеп пысылдап ұйықтағанына қарап әлдене ойланған күйде.

(Жалғасы бар)