ҚАРА ӘМІР

(Жалғасы)

Милицияға келген соң арақ ішкендері, төбелескендері үшін хаттама толтырылып, есін әлі жия алмай отырған біреуін ауруханаға жөнелткен соң, қалғандарынан есірткі табылып, қамауға алынды. Бұның сөмкесінен де есірткі табылып, Ғали ғана босатылды. Төбелесіп бір адамды жарақаттап ауруханаға түсіргеніне қоса есірткі табылғаны бұған қиын болды. Ғали сырттан қанша әрекет еткенімен жолын таба алмай, ақыры ісі сотқа кетті.

Әмір Жезқазғандағы СИЗО-ға, уақытша қамау орнына түскен күні тағы төбелесіп қала жаздады. Бұны кіргізіп камера есігі жабылған соң өзінен ірілеу бір дәу бұған тисе сөйлеген.

— Эй, «чернявый чурбан», кел мында! – деген отыздардағы сары жігіт. Бұл түрме, зона туралы әңгімелерді талай естіген, бірақ алдын ала тергеу изоляторында зонадағыдай тәртіп бар деп ойламаған. Бұл жерде түрлі қылмыс жасап түскен күдіктілер тергеуде жауап беріп, қайтсем жазамды жеңілдетем деп сотқа дейін болады. Сондықтан мұнда түрменің қылмыскерлер ойлап тапқан заңсымақтары бола бермейді. Әйтсе де, түрмеге талай түсіп жүрген тісқақандар, сары ауыз балапандай жаңадан, бірінші мәрте түскендерді әурелеп, қоқан-лоққы жасау да бар сияқты.

Өзіне қарай сөйлей таянған дәу сарының денесіндегі «суреттеріне» қарағанда түрмеден түрме қоймай түгендеп жүрген, талай мәрте сотталған біреу болар. Бұл өзіне қарай талтаңдап жақындаған одан қаймықпай қасқая қарап, иығын алға салып «келсең кел» дегендей төбелеске ыңғайлана бастады. Ортаға алпыстардағы істік мұрын шал түсті.

— «Доғарыңдар, бауырластар», бұларың болмайды. Миша, бұл да енді бізбен тағдырлас, сондықтан төбелесу жарамайды, татулық керек. Әрқайсымыз да ертеңгі күніміз не болады, қанша жыл арқалап, қанша тостақ «баланда» ішеміз, деп басымыз қатып отырғанда мұның қажеті жоқ, доғарыңдар, — деп тоқтау айтып ортаға түсті. Дәу сары да Әмірдің қаймықпай айқаса кетерін байқаған соң ба, әлде шалдың сөзіне тоқтағаны ма «жарайды әзірге тірі жүре тұр» деп орнына қарай кетті. Бұл бос орынға жайғаса беріп еді, шал өзінің қасындағы орынға шақырды. Шалдың лақап аты «Сито» екен, бұған «кімсің, не үшін қамады?» деген аздаған сұрақтар қойып мән-жайды қысқаша сұраған соң, мазалаған жоқ.

«Сито» шалдың түрменің тәртібі, зонадағы қылмыскерлер жайлы, өзінің түрмедегі тіршіліктері жайында айтқандары кейін Әмірге үлкен пайдасын тигізді. Ол алғашқы алты ретінде адам өлтіру, тонау, зәбірлеу, ұрлау сияқты қылмыстары үшін сотталыпты. Жетінші рет міне, Жезқазғанға келіп, осында жасаған ұрлығы үшін сотталмақ. Бұл қалаға келгеніне жеті айға жетпей, өзі сияқты кәрі-құртаңның азын-аулақ жиғанын ұрлаймын деп жүріп ұсталыпты. Бұған тиіспек болған Миша деген дәу сары үш рет сотталған екен. Енді осында бөлесіне келіпті. Электрик бөлесі екеуі ішінде металл сымы бар кабель ұрлап жатқанда ұсталыпты. Ал мына бір жас баланың аты Александр, фамилиясы Сұлтанәлиев. Онсегізге жаңа толған метис жігіт те Қаражалдағы бозбалаларға арналған колонияда екі жыл отырып шыққанына екі ай өтпей жатып қайтадан темір тордың арғы жағынан шығыпты. Біріншісінде достарымен жеңіл автокөліктердің магнитофонын ұрлап жүріп ұсталып, сотталған екен. Енді міне, қасына өзі сияқты екі серігін қосып алып мектептен қайтқан балаларды қорқытып тиынын, киімін тонап жүрген жерінен қолға түсіп, сотын күтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, камерадағылардың арасында бұрын түрме көрмеген Әмір ғана болып шықты. Дегенмен, өзін ұстауы мен сұстылығы, жұмбақтығы өзгелерді санасуға мәжбүр еткендей. Ешкім де бұған ештеңе демейді.

«Сито» шалдың шын есімі Валентин Герасимович, ол бірінші мәрте Ресейдің Ростов облысындағы туған қалашығында кешкі мектепте оқып жүріп топтала төбелесу барысында екі жақты ажыратып қуалай бастаған милиционерлердің біріне абайсызда пышақ салып алып сотталыпты. Төбелес кезінде қарсы жақтың бір жігіті кастетпен мұның дәл аузынан ұрып төрт тісін сындырып түсіріпті. Милиция келіп қалып, екі жақтың ондаған жігіттерінің арасына түсіп, ажыратып жатқанда әлгі өзінің аузын бұзғанды көре салып, пышағын сілтеп қалғанда олардың ортасына киліге берген милиционерге «кірш» етіп қадалады. Милиционер сол жарақаттан көп ұзамай қаза болып, бұл онекі жылға сотталады.

— Бірақ, әлгі төрт тісімді сындырған Жораны жиырма бір жылдан соң кездестіріп тура төрт тісін сындырып қолына бергем, артық та кем де емес тұп-тура төрт тісін, дәл өзі сындырған менің тістерім сияқты тістерін сындырып бергем, деп «Сито» шал иығын қомдап, орнынан қоқилана қозғалақтап қойып, тісі сирек иегін көрсете қиқылдап рахаттана күліп алды. Бұл «жиырма жылдан соң Жораны қайдан, қалай кезіктірдің?» демей-ақ, шал әңгімесін қайта жалғады.

— Кезекті рет түрмеден шыққан соң, бірге отырған танысыма еріп Қарағандының жанындағы Майқұдық деген жерге келдік. Оның сонда әйелі, пәтері бар. Екеуміз де сантехник болып жұмысқа тұрдық. Ол кездің милициясы айналайын еді ғой, маған жатақханадан орын әперіп, жұмысқа тұруыма көмектесті. Жұмыс дейтін алып бара жатқан жұмыс та жоқ, рас кейде жертөлеге түсіп сыз жерде су кешіп тұрып жұмыс істеуге тура келетіні бар. Ал тұрғындардың пәтерінде жұмыс жасау рахат еді. Үй иелері арағын, екі-үш сом ақшасын беріп алғысын айтып риза болып қалатын.

Бірде кезекті бір пәтерге келдім. Ойымда түк жоқ, асханаға өтіп су аққан құбырды көріп жатқам, ту сыртымнан аяқ дыбысы естілді. Бұрылдым да, аңырып қалдым, Жора. Тісім есіме сап ете қалды, қайдан еске түскенін құдай білсін. Әлгінде есік ашқан әйелі маған бір жарты әкелуге ме, әйтеуір сыртқа шығып кеткен. Несін айта берейін, «газовый» кілтпен бір соғып құлаттым да, үстіне мініп алып, тістеуікпен төрт тісін қинап отырып жұлып, жұлынбаған жерін сындырып бердім. Ақыры сол төрт тіс үшін төрт жыл арқалап төртінші рет сотталып кете бардым.

СИЗО-да көп болған жоқ, тергеушісі іскер болып кездесті ме, әлде барлық мәселесі анық болғандықтан ба, әйтеуір ісі сотқа тез-ақ жетті. Әмір осылайша алғаш рет сотталып, төрт жыл арқалап кетіп бара жатты. «Сито» шал айтқандай «баланданың» дәмі тартса адам қайта-қайта соттала беретін көрінеді. Бірақ, одан құдай сақтасын, Әмір бұл өмірге түрмеде отыру үшін емес, адамша рахат тұрмыс кешу үшін келді ғой. Сондықтан осы жолғы жазасын аман-есен өтеп шықса, қайтып түрмеге түспеуге тырысары анық. Бірақ, болашақты алдын ала болжау қиын, не болары кезінде белгілі болады ғой.

Терезелері қымталып, темірмен торланған арнаулы вагонда бір топ жазаға кесілген қылмыскер қатаң күзетпен келе жатыр. Вагон іші қапырық болғандықтан Әмір терезеге таянып, тордың арғы жағынан сайын далаға сығалай қарап тұр. Бір нүктеге қарап, ой тұңғиығына батқан жігіттің есіне өткені түсіп, ой елегінен кинолентадай тізбектеліп өтіп жатыр, өтіп жатыр…

Әке-шешесі қара жұмыскер – мақташылар. Өзінен үлкен бір әпкесінен басқа жеті іні-қарындасы бар. Өздері қырыққа енді жетсе де сонша баланы неге туа бергенін құдай білсін. Мұның бала кезінде әкесінің анасы – Құрбанкүл әже тірі еді. Сол кісі ес біліп қалған әпкесі мен Әмірге көп тәлім-тәрбие берді. Әсіресе, әпкесі әжесіне қатты еліктеп өсті, мұның жадында да әжесі айтқан ақыл-нақылдар көп жатталып қалды. Бұл алтыншы класта оқып жүргенде әжелері қайтыс болды. Шешесі жетінші баласын жаңа босанған, одан кейін төрт жылда тағы екі бала туды. Бірақ әжесіне сеніп кеткен бе, әлде колхоз жұмысынан қолдары босамай ма, әке-шешесі бала тәрбиесімен айналысу дегенді білмейтін, бұлар бір-бірін, үлкендеуі кішілерін бағып-қағып өздері жетілді.

Әмір жетінші класқа дейін сабақты да жақсы оқыды. Үй шаруасының қайсысын болсын тап-тұйнақтай етіп орындайтын, іні-қарындастарының жаялықтарын жуып, жеңіл-желпі тамақ та пісіретін. Қатар-құрбылары кейде мұны кекетіп «бала бағушы», «озат сауыншы» деп мазақтауын да естіп қалып жүрді.

Бір жолы мұның сиыр сауып отырғанын кластас екі қыз бен күрес секциясына қатысатын Ерман деген бала көріп қалған. Солардың мазағына, әсіресе, Ерманның қыздардың алдында қоқилана мұны әбден әжуалағанына намыстанған Әмір қандай күш әсер еткені белгісіз, анадай жерде мәз болып жыртыңдасып тұрғандарға жетіп барған. Бойы өзінен ұзын, денесі де ірілеу, әрі екі жылдан бері күреске қатысып жүрген Ерманнан бұрын сескеніп, қорқақтаңқырап жүретін. Бұл жолы жетіп келген бетте құлақ шекеден қонжитып, оны жерге жалп еткізді. Әмірден соншалықты батылдықты күтпеген ол қиқалаңдап орнынан көтерілгенімен бұған қарсы ұмтылмады. Қайта бұл оған төне түсіп «Енді бір мазақтағаныңды естісем тура өлтіріп тастаймын» деген қара көздері от шаша, қабақтары түйіле. Қыздар да жым болған. Әмірдің кісі шошырлық сұсты түрін бәрі де бірінші рет көріп тұрғандықтан зәрелері қалмай қорқып кетіп еді.

(Жалғасы бар).