ҚАРИЯНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚ МЕКТЕБІ

Айым бүгін күндегіден ерте оянды. Керіліп күн көтерілгенше жататын әдетті енді келмеске кетірмеске болмайды. Қанша дегенмен жас келін. Жұрттың назары өзінде болатынын біледі. Жәймен басып орнынан тұрды. Әлі ешкім ояна қоймаған сияқты. Таңғы таза ауаны құшырлана жұтты да беті-қолын салқын сумен шайды. Самаурынның күлін қағып, суын құйып, от тұтатып салды. Бірден тұтанып кетпей, екі-үш салған қағазы сәтсіз жанып кетіп, біраз әуреледі. Ақыры тұтанды. Кернейін қойып, бір шаруа тындырғандай өз-өзіне масаттанып тұр еді, кенет бір жөткірініп алып, «Е, Алла, шүкір, тәуба» деп келе жатқан Атасы көрінді. Айым атасына иіліп тұрып сәлемін салды. «Көп жаса, шырағым» деген қарияның көз жанарынан ризалық пейілін байқады. Сосын апасы тұрды. Ол кісіге де сәлем ізетін жасап, құманға су жылытып, зыр жүгірді. Бұл үйде бұл екі кісіден бөлек қайынағасы, абысыны, олардың артық дыбыстары шықпайтын төрт баласы тұратын. Жасынан көпшілікті жақсы көретін Айым осындай үлкен әулетке келін болып түскеніне қуанышты еді.

Самаурынды ортаға алған отбасы мүшелері таңғы асқа түгел жиналды. Дастархан басында Сіргелінің отыз ұлы туралы ерлік дастанынан бастау алған әңгіме бүгінгі күнге дейін ойысты. Түскі және кешкі астың уақытында да ақсақал осы бір әдетінен жаңылмайды. Түрлі қиссалардың тарихын, өзінің бала күнгі көрген қиындықтары мен қызықтарын сондай бір тартымды етіп әңгімелейді. Барлығы ұйып тыңдайды. Шәйға қанса да ешкім дастархан басынан ұзауға асықпайды. Ақсақал бата беріп, ұлттың, әулеттің, балалардың амандығын тілейді. Міне, сонан соң ғана әркім өз ісіне бет алады.

Апасы оңашада қасына шақырып алып:

  • — Айым, алтыным, сен енді мына қайындарың мен қайынсіңлілеріңе ат қой. Ол біздің ертеден келе жатқан дәстүріміз. Ана абысының осы босағаны аттағанына жиырма жыл болса да әлі бір қайнысының не қайынсіңілісінің атын атаған емес. Олар да өз кезегінде «жеше» деп сыйлап тұрады. Сөйте ғой, қалқам, — деді.

Сонымен жеңгесі үшін қыздар «Қарагөз», «Қарақыз», «Шырайлым» атанып шыға келді бір күнде. Қыздардың бір дауыс шығарып күлгенін не қатты сөйлегенін естімеді. Барлығы «дыбыссыз режимде» жүріп-ақ өз тірліктерін таптай қылып тындырып жүр.

Айым іштей таңдай қаққанмен сырттай ештеңе білдірмейді. Жазғы демалыс бітіп, қалаға оқуына қайтатын уақыт жақындап келеді. Бірақ, іштей бір қимастық бар. «Аңсаған шөлде су тапса, бас қоймай ма бастауға» деп Абай жырлағандай, аңсап жеткен бастауына қанбай қалған сияқты. Он екі перзентті тектіліктің тәлімімен суарып, адамгершілік, ар, ұят, обал, сауапқа жетік етіп ержеткізген қария мен кейуананың келбетіне сүйсінеді. Қартайса да осы екі кісінің бір-біріне деген жанашырлығы мен қамқорлығын көргенде жүрегі елжіреді. Осы ыстық ұяда өткен әр сәт ыстық естеліктерге толы еді.

***

Бірде есік алдында көрпе қабып отырған. Апасы мақта салып береді. Айым мен абысыны екеуі тігіп отыр. Атасы бақтағы алмаларды суғарып жүр. Жапырақтарына дейін су шашып, шаңын кетіруде. Қолына әп-әдемі сары алманың екеуін ұстап әкелді.

  • — Кемпір, мә, мына алмалардың дәмін көрші, сап-сары екен, тәтті шығар, — деді. Апасы да мәз болып:
  • Осы баудың жайқалып тұрғаны қара шалдың арқасы. Мына алманың әр түбін әр жерден әкеліп егіп жүрген осы ғой. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген рас. Осы отағасы болмаса, алма қайдан бізге, — деп жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді.

Қариялардың баладай көңілдеріне екеуі мәз болып, бір-біріне күліп қойды.

***

Атасы ауылдық билер алқасының құрамында. Түрлі дау-дамайлар, келіспеушіліктер болса, аттай қалап алып кетеді. Ауданнан өкілдер келетін жиналыс та ол кісінің қатысуынсыз өтпейтін. Қандай басшың келмесін жағымпаздану, жағынудан бойын аулақ ұстап, ақты ақ, қараны қара дейді. Сондықтан да болар, ел алдында абыройы биік.

Осындай жиылысқа шақырту келгенде апасы кәстөмін, киімін дайындап, аяқ киіміне дейін жалтыратып сүртіп қояды. Сақалын тегістеп береді. Осының барлығын сондай бір ілтипатпен жасайды. Атасы үйден шығып бара жатқанда «Рақмееет, кемпір, бала-шағаңның қызығын көр» деп риза болып арқасын қағады.

***

Міне, осындай жылы ұяны қимаса да амалсыз қалаға қайтты. Бірақ, аз көрмесе сағынып қалатындықтан, апта сайын ауылға ат басын бұрады.

Жылдар жылжып өтті. Оншақты жыл өтсе де дәстүр өзгермеген. Апта сайын демалыс күні бұл отбасын іздесеңіз ауылдан табасыз. «Бұл не күш?» деп өзі де көп ойға батады. «Бұл отбасы өзі көріп жүрген көп үйден өзгеше. Мұнда әркім өз орнын біледі. Бір-біріне килігіп, артық сөзге барып жатқан жан жоқ. Әлдебіреулердей еркіндік іздеп далаға ұмтылмайды. Қайта жарыққа ұмтылған көбелектей бәрі шүпірлеп бір дастархан басына жайғасуға асық. Сыры неде?» деп көп ойланатын.

Жауабын жақында ғана тапты. Аты онша таныс емес автордың еңбегінен. Онда баланың кеудесін құндылыққа толтыру туралы сөз қозғап, «құндылық дегеніміз не? Ақыл айтпасақ, мораль оқымасақ, баланың көкірегін қалай құндылыққа толтырамыз? Бұл мәселеде тыңнан түрен салып, жаңаша техника іздеудің қажеті жоқ. Сонау ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі әдіс бар. Ол – балаға иләһи мазмұны бар ертегі, аңыз-қисса, жыр-дастан, мәнді тәмсіл оқып беру, мағыналы сұқбат жасау» дейді. Онда жүз шақты балаға анкета толтыртқызып, «Отбасыңдағы ең ұнайтын сәт қайсы?» деген сауал қояды. Осы сұраққа балалардың басым бөлігі «Дастархан басындағы әкеміздің өткен-кеткен оқиғалардан әңгіме шерткені, табақтағы қай мүшенің кімге тартылатынын жіліктеп бергені, анамның дәмді ас әзірлеп беріп, соны сүйсіне жегенде мәз болып мейіріммен қарағаны» деген жауаптар бергенін жазады. Және ойын «Адамның көкірегі қуыс болса, кеудесін құндылық кернеп, алыстан асқақ арманы, биік мақсаты қол бұлғап тұрмаса, оның сан түрлі себептерге қарсылық таныта алар иммунитеті болмайды. Тағдырдың кімді қай жарға апарып соғарын бір Құдайдың өзі біледі. Кез-келген сыртқы соққы оны жел айдаған қаңбақтай ұшырып әкетеді» деп қорытындылайды. Яғни, адамның ең алдымен кеудедегі қуысын тәлімді сұхбаттармен толтыру керек екен, сосын осындай сырлы сұхбаттарды адамның кеудесі өмір бойы шөлдеп, іздеп тұрады екен. 

Демек, бұл отбасында атасының күнделікті айтқан әңгімесі арқылы үлкеннің де, кішінің де кеуделері құндылықпен толтырылған. Шаңырақтың шаттығы тасып, берекесі еселенген. Тәлімді тәрбиенің өзегі осында екен ғой деген Айым жылы жымиды. Өзінің асыр салып ойнап жүрген балапандарына қарады. Бұлардың құндылық құтысы қай деңгейде екен?

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА