ҚАРТТЫҒЫҢЫЗ ҮШІН ҚОРЫҚПАЙСЫЗ БА?
Қоғамнан кейде қадірсіз, қайырымсыз әкелердің бейнесін көріп қынжыламын. Қарттығы қандай болар екен деп алаңдаймын. Кешегі аласармайтын асқар тауға, алып бәйтерекке теңейтін әкелеріміздің бүгінгі майдалануына кімді кінәлаймыз?
Көшеде қисаңдап бара жатқан, арақ ішіп, мас болған, аузынан шыққан сөзіне жауап бермейтін бөріктінің балалары алдында беделі қалды ма?
Жастай алған жарын жер ортасына келгенде жатсынып, жүзі жылтырағанның соңынан кеткен жігіт ағасының ұл-қызы алдында абыройы қай деңгейде?
Құмардың құрбанына айналып, ертелі-кеш есіл дерті ойынға ауған, өз шалалығынан шала бүлініп жүрген біреу баласына ҰСТЫН бола ма?
Кешегі перзенттеріне пейілі көлдей, тәлімді тәрбиенің тал бесігінде тербеткен ӘКЕлердің болмысы қандай еді? Жүріс-тұрысымен, қас-қабағымен ойындағысын ұқтырып тұрушы еді. Олар балаларының физикалық әрі рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне барынша мән берген. Үлкенді сыйлау, адалдық, адамгершілік, аманатқа қиянат жасамау, кісі ақысын жемеу деген нәрселерді ұзын-сонар ақыл айтып емес, көрсетумен, көңілге түйгізумен, білдірген. Баукеңнің «Ұшқан ұясындағы» мына көрініске қараңыз:
«Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен… Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!» — деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкүм, аталар» деп әр сөзді қадай-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Өйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан «алейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», — дейтін». Осылай Әкелер әр жағдайдан сабақ беріп, өнеге өріп отырса, ұлағат көрген бала ұятқа қалдырмайтыны даусыз.
Кешеден бері желіні шулатқан «тиран әке» жайлы, тіпті, не айтарымызды білмейміз. Әкелік рөлін ұмытып, әлімжеттік жасап, туған перзентіне тасбауыр болған бейнесі жүрегімізге жүк түсірді.
Бала – ата-анаға берілген аманат, Алланың үлкен сыйы. Осы сыйдың салмағын бағалай алмай, басындағы бақтың қадірін біле алмағанның қартайғанда бармақ шайнайтыны да шындық. Жастық жалын да, кеудені кернеген қызу да басылады, қауқары қайтып, көмекке мұқтаж болатын күн туады. Сол сәтте мейірім мен жылулық көргісі келген жан бүгін балаларынан бар ықыласын аямасын. Себебі, хадисте айтылғандай, «Мейірім танытпаған жан мейірім көрмейді».
Әкенің баласына беретін ең үлкен сыйлығы – жақсы тәрбиесі. Ең үлкен сыйыңызды есесімен беріңіз, ертеңіңіз жарық болсын.
Алтын АСҚАР.