ҚАРЫЗ АЛАСЫЗ БА?

«Адамның күні – адаммен». Күнделікті қажеттілігіміз үшін қарыз аламыз, сұраған жанға қарыз береміз. Бірақ, бұл істің де өз әдебі, шариғат бекіткен шеңбері бар екенін білеміз бе?

«Қолы ашықтың – жолы ашық», «Беруші қол алушы қолдың үстінде болады» дегендей, алдымен қарыз берудің әдептерін қарастырайық:

Дінімізде өзгенің қиындығын жеңілдету, уайымын азайту, мұқтаждығын өтеу — сауапты іс. Тіпті білім иелері «Садақа беруге он сауап, ал қарыз беруге он сегіз сауап бар», «Аллаһ разылығы үшін қарыз берген адамға әр күніне садақа сауабы жазылады. Кедейден алашағын тез сұрамаған кісіге әр күніне бар мал-мүлкін толықтай садақа қылып бергендей сауап беріледі» деген хадистерді келтіреді. Қарызды куәгерлердің алдында қағазға түсіріп берген жөн. Алла тағала «Бақара» сүресінің 282-аятында былай баяндайды: «Ей, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңмен қарыз мәмілесін жасасаңдар, (келісім-шартты) жазып қойыңдар… Сендер (олардан) разы болатын (әділетті) екі ер кісіні, егер екі ер кісі табылмаса, бір ер кісі және екі әйелді куә етіңдер». Қарызды алған уақытта оны жазып қою немесе куәлар шақыру түсінбеушіліктің алдын алады.

Қарыз алудың әдебі:

Жұмыр басты пенде болған соң қара қазан, сары баланың қамын ойламай тұра алмайсың. Десек те, әр істе ысырапқа бармай, көрпеге қарай көсіліп, қарыз алмауға тырысу керек. Ардақты Елшіміз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарызданып қалудан пана сұрап, Алладан дұға тілейтін. Ал, енді аса қажет бола қалған жағдайда Құдайдан қорқатын, жүрегінде иманы бар адамнан қарыз сұраған дұрыс. Себебі, ол өзгелерге мұқтаждығыңды айтып, сырыңды ашпайды, көңіліңе қаяу түсірмейді. Уәделі уақытта тауып бере алмай жатсаң, сабыр етіп күтеді. Ең дұрысы – қарыздың уақытында өтелгені. «Кімде-кім адамдардың мал-дүниесін қайтарып беру ниетімен алса, оның (қарызын) Алла қайтарады, ал кімде-кім жаратып жіберу ниетімен алса, оны Аллаһ шығынға ұшыратады» деген сахих хадис те бар. Сондықтан, қарыз аларда ең алдымен ниетке мән берген жөн.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ