КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ТҰРҒЫНДАР САУАЛЫНА ЖАУАП БЕРДІ

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді.
Халықпен кері байланыс орнату мақсатында қолға алынған тікелей эфирде қала тұрғындары өз сауалдарын қойды. Мәселен, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсына қалай қатысады?», «Ашық» жобасы бойынша мәртебені қашықтан анықтау мүмкіндігі бар ма?», «Мобильдік топтан қандай құжаттарды талап етуге болады?» және тағы басқа сауалдарға Н. Қабыштаев егжей-тегжейлі жауап берді.

Палата директоры бүгінгі эфирде «Ashyq» жобасы туралы, жалпы пандемия жағдайындағы кәсіпкерліктің дамуы бойынша мағлұматтар берді. «Ashyq» жобасының басты ерекшелігі ол – қауіпсіздік. Бұл қосымша науқастарды және олармен байланысты болған келушілердің мәртебесін алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында жоба енгізілгеннен бастап «Ashyq» жобасының қатысушыларына кіруге әрекет еткен 1 635 азамат, оның ішінде 1 156 азамат «кызыл», 479-і «сары» статусымен анықталған. 295 азаматқа санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органы тарапынан айыппұл салынды.
Бүгінде қалада «Ashyq» жобасына 8 404 нысан қосылған. Оның ішінде кәсіпкерлік нысандарынан басқа да ерікті қатысушылар бар. Олар: прокуратура, полиция, әкімдік органдары, әскери бөлімдер мен университеттер және жеке медициналық клиникалар. Қатысушылардың 53-і көшбасшы болып танылған.

Сондай-ақ, палата директоры кәсіпкерлер үшін вакциналау мәселесін түсіндіріп өтті. Барлық кәсіпорындардың қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакциналау тиіс еді. Алайда «Атамекеннің» ұсынысы бойынша 2021 жылғы 10 тамызға дейінгі мерзімде қызметкерлер бірінші компонентін, ал 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде — covid-19 вакцинасының екінші компонентін алу мерзімдері өзгертілді. Енді ведомствоаралық комиссияның 7 қыркүйектегі шешіміне сәйкес, кәсіпорын қызметкерлерінде COVID-19 вакцинасының бірінші компонентінің болуын мониторинг тобы рейд барысында тексеретін болды.
Өз кезінде рейдті тіркеу тәртібі InfoKazakhstan электрондық платформасында жүзеге асырылады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі