КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ: АГРОСАЛАҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛАР АРЗАН НЕСИЕ АЛА АЛАДЫ

Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков агросаладағы 9 айдың қорытындысын баяндады. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында іске асырылатын жоспарлар жайлы айтып өтті.

Асқар Сәкенұлының мәлімдеуінше 9 айда 31.1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға 4.2 млрд теңге инвестиция тартылған. 29.3 мың гектар алқапқа дақылдар егіліп, 85.4 мың тонна өнім жиналған.

Брифинг барысында басқарма басшысы Жолдау аясында қолға алынатын жоспарлармен бөлісті.

-«Іскер қала» бағдарламасы бойынша шағын шаруашылығы бар қала тұрғындарына 1-2 пайызбен несие беріледі. Мәселен бұл қаражатқа олар тамшылатып суару әдісімен үйіргелік жеріне көкөніс еге алады. Ал оны қалай егудің әдісі де 3 күндік семинарда тегін үйретіледі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап кооперацияны дамыту мақсатында кәсіпкерлерге айналым қаражатына 0.01 пайызбен несие берілетін болады. Мәселен арзан несие алған кәсіпкер бройлер балапандарын шаруаларға өсіріп беруге таратады. Кейін ол өнімді төмен бағада саудалайды. Бұл азық-түлік құнының арзандауына септігын тигізсе, екіншіден қосымша жұмыс орнының ашылуына оң әсерін береді, — деді Асқар Сәкенұлы.

А. Қаныбеков өз сөзінде ветеринария саласындағы қызмет түрлері толық цифрландырылатынын және мал дәрігерлердің айлық жалақысы 125 мыңнан алдағы 5 жылда 200 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді.

Сонымен бірге биыл әлеуметтік дүкендер саны 10-ға жеткізілмек. Басқарма басшысы әлеуметтік азық-түліктер бағасы шекті құнынан асқанын немесе сапасы нашар екенін байқаған жағдайда 24-74-78, 24-75-41 нөміріне хабарласып, шағымдануына болады.

Ә. НҰРЖІГІТҰЛЫ.