КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ: «ІСКЕР ҚАЛА» ӨҢІРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ
Шымкентте «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы басталды. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы хабарлады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарлама 3 бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт — өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттардың ішінде өндірістік парктер құру жоспарланған. Бүгінде үлгі ретінде «Тассай» индустриялық аймағының жанынан «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылуда. Екінші бағыты – ауылшаруашылық кооперативін құру арқылы якорлы кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету. Үшінші бағыт – 1000 сауда нүктесі. Бұл ретте, «Шымкент» ӘКК іске асырып жатқан 1000 сауда нүктесі жобасы аясында қаланың тығыз орналасқан жерінде жылжымалы және ауыстырмалы сауда нүктелерімен толықтырылуда.
Осыған дейін қарқынды жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі — «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы. Осы жобаның аясында «Іскер қала» бағдарламасының қатысушыларына қолдау көрсетіледі. Егер жастарға және әйелдерге максималды 10 млн.теңге 1% пайызбен несие берілсе, өндірістік парк қатысушылары және ауылшаруашылық кооперативтері 50 млн.теңгеге дейін 2% пайызбен несие ала алады.
Бұл қаржыларды екінші деңгейлі банктер – Қазақстанның халық банкі, Сбербанк, Алфа банк арқылы алуға болады. Яғни, банктер 8,5% несие берсе оның, 6,5% «Шымкент» ӘКК субсидиялайтын болады. Субсидиялау мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін. Несиенің 50% инвестициялық бағытта және 50% айналым қаражатын толтыруға бағытталады.
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ» ресми парақшасы.