ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ПЫШАҚСЫЗ ОТА ЖАСАЙДЫ
Шымкент қалалық онкологиялық диспансердің дәрігерлері механикалық сарғаюы бар ракқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін пышақсыз ота жасайды. Нақтырақ айтқанда, рентген және УДЗ (узи) аппараттарының көмегімен жабық операция жасап, науқасқа түтікше қойып береді.
Дәрігерлердің айтуынша, механикалық сарғаю Клацкин обыры, өт жолында шығатын ісіктер және ұйқы безінің обырына шалдыққан науқастарда жиі кездеседі. Сарғаюдың салдарынан бауырдың қызметі бұзылып, тіпті асқынған жағдайда науқас ес-түссіз халге түсіп, қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде механикалық сарғаюды анықтап, көмек көрсету ракқа шалдыққан науқастардың өмірін ұзарып қана қоймай, ары қарай тиісті емін алуға жол ашады.
«Механикалық сарғаю науқастарда былай байқалады: терісі, көзі қоңыр-сары түсті болып, билирубин жоғарылаудың салдарынан науқаста қышыма болады. Мұндай науқастарды тексеріс кезінде өтті сыртқа шығару әдісін қолданамыз. Бұрын мұндай науқастарды емдеу үшін ішіне ашық операция жасайтын едік. Ал қазір механикалық сарғаю болған кезде кіішіинвазивті әдісті қолданамыз. Яғни, УЗИ, ренгтенмен қарап тұрып, ұлғайған жолды инемен кесіп, түтікше қойып береміз. Түтікшемен өт сыртқа шыға бастайды. Ары қарай пациент өзге де емін ала береді», — дейді онкологиялық орталықтың дәрігері Давран Арыбжанов.
Операция кезінде қойылатын түтікшенің диаметрі — 3-5 миллиметр. Отадан кейін науқаста холемиялық қан кету, бауыр және бүйрек жеткіліксіздігі, ағзаның интоксикациясы сияқты күрделі асқынулардың қаупі азаяды.
Механикалық сарғаюды емдеудің бұл әдісін Шымкентте алғаш рет онкологтар 2008 жылы енгізіп, қазір сәтті орындауда. Қалалық онкологияляқ орталықта мамандар жылына механикалық сарғаюы бар 30-35 науқасқа кішіинвозивті әдіспен ота жасайды.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы