«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Тұтас дәуірге тұғыр болуға татитын тұлғалар бар. Ел үшін емініп, жұрт үшін жұмылып қызмет еткен. Халқының қалін алыстан аңдап, қайтсек басы азат, көзі ашық жұрт боламыз деп қам жеген. Сол жолда малын да, жанын да аямаған. Қаймана қара қазағын өрге сүйреп, ойраны шыққан ордасын қайта тігіп, әлемдік өркениеттен қалмауын мақсат еткен қаймақтардың еңбегі өлшеусіз. Еткен еңбек, төккен тердің өтеуіндей болып есімдері ел жадынан өшпейді, қайта уақыт өткен сайын жақұттай жарқырап, жақындай түседі. Осындай сом тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.
Профессор Өмірзақ Айтбайұлы өз мақаласында «Ахаңның алдында қазақ халқы үшін оның болашағы үшін мол қазына тастап кеткен үш алыптың, Абай, Ыбырай, Шоқанның болғанын білеміз. Бір ғажабы, осылардың мұрасын терең зерттей отырып, олар көтерген мәселелерді бар жанымен ұға отырып, ол осы үшеуінен тартылатын үш арналы жолды бір өзі таңдап алғандай. Шынында қараңыз. Шоқанның ғалымдығы, Ыбырайдың ағартушылығы, Абайдың ақындығы мен ағартушылығы Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік мұратына айналған. Және бұларды заманға лайықты нақты істермен жалғастыра, дамыта түседі» дейді [1]. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының зерттелу дәуірі енді басталғандай. Ақтық демі біткенше қазақтың азат таңы атуы үшін күрескен қайраткердің әлі зерттелетін қыры көп.
Ахаң жайлы сөз қозғағанда есімізге «Қазақ» газеті түседі. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпіні кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айғайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын…», — деп жазды Мұхтар Әуезов.
ҚОҒАМДА ҚАЛЫПТАСҚАН САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ
Ең алдымен осы кездегі қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай қандай еді? Осы жөнінде аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік. Бұл Ресей империясының қазақ даласындағы үстемдігі әбден шегіне жеткен кезең еді. Әкімшілік басқару жүйесі түгелдей орыс патшалығына бағындырылып, осы елдің заңы үстемдік құрды. Бүкіл қоғамдық-саяси жүйесі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жан-жақтан тәркіге түскенде, тек рухани-этникалық белгілері ғана аман қалған еді. Осынау замана дзобалаңын, қазақ басына үйірілген қара бұлтты жан жүрегімен сезінген ұлт зиялылары жан-жақтан елді оятпаққа барын салды. Бұл күрескерлік жолда алдыңғы ғасырдағыдай білектің күшіне сеніп, қарсылық жасаса шығынға ұшырайтынын сезді. Сондықтан қармана ізденіп, қазақтың сана-сезімін оятпаққа талпынды. Оқу-ағарту жұмыстарын қолға алу арқылы халықтың саяси сауаттылығын арттырып, көзі ашылуына мұрындық болғысы келді.
«Қазақ» газеті – осы іңкәр ойдың жемісі, лаулаған өртке қанатымен су сепкен қарлығашы. 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Бірінші нөмірі 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Орал облысы Әскери Губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат берген бұйрығы Генерал-лейтенант Сухомлиновтың қол қоюымен рұқсат қаулысы шығады. Онда «Бас Басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатты (циркулярный) қаулысына сәйкес… Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-і ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» … Губернатор Сухомлинов» делінген [3]. Байқап отырғанымыздай, газетті ұйымдастырушы, бастырушы – Ахмет Байтұрсынұлы, қаржылай көмектескен – Мұстафа Оразаев. Қаулы 1905 жылы шықса да түрлі себептермен басылымның алғашқы нөмірі тек сегіз жылдан кейін жарық көрді. Бірақ бұл газеттің артында үлкен дайындық және жауапкершілік тұрғаны алғашқы нөмірінен-ақ сезілетін. Газеттің рәміздік бейнесі ретінде киіз үй таңдап алынды. Бұл қазақ деген ұғымды білдірді. Оның түндігі батыс жақтан жартылай ашылып, есігіне төте жазумен «Қазақ» деп жазылды. Мұны ұлт зиялылары «Қазақ ішіне Еуропаның ғылым-білімі, өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. Қазақ даласына халықаралық һәм ел іші жаңалықтарын жеткізіп тұратын, халық пен билік арасына алтынкөпір болатын басылым ауадай қажет еді. Газеттің алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлы«1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қандастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады…», — деп жазды.
ГАЗЕТ БЕТІНДЕГІ ЕҢ ӨТКІР ДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
«Қазақ» газеті алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәсеселерді қаузады. «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар!», «Қазақтан солдат ала ма?», «Земство не нәрсе?», «Ұры тию» секілді көптің көкейінде жүрген тағдырлы тақырыптарды сөз етті.
Аяғынан қаз тұрып, тәй-тәй басқан, енді ғана ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін Ахаң сияқты бірен-саран көзі ашық азаматтардың себебімен оң-солын тануына түрткі болған «Қазақ» газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз. Бес жыл бойы сайын даланың төсінде шашырап жатқан оқырманға көкейтесті мәселелерді үздіксіз жариялап, жұртшылықтың таным көкжиегін кеңейтті. Халықтың санасын, саяси өмірге көзқарасын қалыптастырды. Газеттің қамтитын тақырыптары жөнінде 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген №1 санында «Государственная дума һәм Государственный совет жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу, күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-тарап, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету, адам һәм мал дәрігерлігі жайын жазу» деп көрсетеді. Бес жылға жуық шығып тұрған уақытында аталмыш тақырыптардың барлығы қаузалды. Әсіресе, қалың ұйқыда қапысыз жатқан қазағының сауатын ашып, ілім-білімді болуын қалаған зиялылар осы оқу-ағартушылық төңірегін көбірек сөз етті.
Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №11 санында «Оқу жайы» деген мақаласында оқу-білімнің қажеттілігін халықтың экономикалық, тұрмыс жағдайымен байланыстырады. «Бұл күнде оқудың керек екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екендігін көріп тұрмыз. Қазақ биыл 5 тиынға келісіп сатқан нәрсесін келер жылы 10 тиынға қайта сатып алады. Үкімет қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді, сол үшін қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз» деген еді. «Қазақ» газетінің кезекті санынды жергілікті жерлердегі мемлекет “қамқорлығымен” бұратана ұлттар үшін тегін оқытатын орыс-қазақ мектептерін ашудағы жымысқы түрде жасырынып жатқан миссионерлік саясатты әшкереледі. Бұл мектептерді бітіріп шыққан қарагөздердің шала-шарпы орысша сауаттанып, кирилл әріптерін ежіктеп әзер жазатын деңгейден аспай, керісінше, мұсылманша хат танудан мүлдем мақұрым қалатұғын қоғамдық-саяси, әлеуметтік рухани тамырының тереңде екеніне оқырман қауымның назарын аударады. Ұлт қауіпсіздігі үшін дабыл қағады. Осындай өткір мәселелерде ой қозғағаны үшін газет талай мәрте қатты сынға алды. Оқимын деген жастарға әрбір ата-ана өз жан қалтасынан ақшасын шығарса, «Көп көтерген жүк жеңіл» деп, таза қазақша, сапалы білім беруге, ұлтжанды, отаншылдық сезімі асқақ шәкірт тәрбиелеуге толық болатынын газет бетіне жан-жақты талдап түсіндірді. Бұл орайда тағы Ахмет Байтұрсынұлына жүгінсек, оның мына көшелі сөздері бүгінгі күні де есте ұстайтын, мәнін еш жоғалтпаған даналық қағида деуге болады.
«…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы…» деп жазды.
«ҚАЗАҚ» ҮШІН КЕШКЕН ҚУҒЫН-СҮРГІНДЕР
Патша белсенділері «Қазақ» газетінің әр сөзін аңдып отырған. Газетте Орынбор генерал губернаторының «Қазақ» газетіндегі «Закон жобасының баяндамасы» атты 80-санындағы мақаласы үшін газет редакторы Ахмет Байтұрсыновқа 1500 рубль көлемінде айыппұл салу немесе үш айға абақтыға жабу туралы бұйрығы шықты. Тағылған айып: «газет қазақ халқын үкіметке қарсы үндеп отыр…». «Осы қаулының орындалуын Орынбор Полиция-Мейсторына жүктеймін» деген бұйрықтың соңына Генерал-лейтенант Сухомлиновтың қолы қойылған. Оны төлей алмағаны үшін абақтыға жамылған Ахметті қазақ оқырмандары қаржы жинап босатып алады.
Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор губернаторының шешіміне риза болмай, Ішкі істер министрлігіне, Сенатқа «біздің ниетіміз халықты құтырту емес, сынау» деп арызданады. Ақыры Сенат кеш болса да Орынбор губернаторының үкімін бұзуға мәжбүр болды.
1914 жылғы 78-санында басылған «Алашқа» және 79-санында басылған «Россиядағы ұйымшылдық» деген мақаласы үшін де «Қазақ» газетін шығарушылар жауапқа тартылды. 91-санындағы «Бұ қалай» атты мақала үшін 50 сом айып немесе 2 ай түрмеге кесу туралы үкім шығарылған.
1915 жылы қаңтардан бастап «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады. Орынбор губернаторы газеттің екі рет шығуына рұқсат бере отырып, оның бақылауға алынғанын атап өтті. Газетті бақылау Торғай облыстық басқармасының татар тілінен аудармашысы Тунганчинге таипсырылған.
Ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы аумалы-төкпелі заманда қазаққа пайдалы ақыл-кеңес айтып, қоғамды дұрыс жолға бағыттауға тырысты. Мәселен, 1915 жылғы газеттің алғашқы санындағы мақалада қазақ жастарының солдатқа баруы маңызды екендігі туралы жазылған еді. Алаш арыстары қазақтардың әскери машық пен тактиканы, ел қорғанысының қыр-сырын меңгеруін қалаған еді.
1916 жыл бойы «Қазақтан солдат алу» мәселесі «Қазақ» газетінің ең жиі көтерген тақырыбына айналды. Себебі, дәл сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың керегіне қазақтарды жұмысқа алу туралы Патша жарлығы шыққан болатын. Ел іші бұл жарлыққа үрпиісе қарап, мұның арты көтеріліске ұласады. Халықтың босқа қырылып қалатынын білген зиялылар «Алаштың азаматына» атты мақала жазды. Онда қазақтардың соғыс машығы мен әрекеттерін білетіндей дәрежеге жету үшін жарлыққа көнуге үндейді.
«Ал ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамды әділдікпен спискті өздері түзеп беруі керек. Мынауы жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай, дұрыстықпен іс қылу керек. Бұл іске қулық-сұмдық кіргізу, алалықты-партиялықты қосу зияннан басқа түк пайда әпермейді. Ерікті өздеріңе бергенде дұрыстап іс қыла алмасаңдар, үкіметке соңынан өкпелеуге болмайды. …Екінші істейтін нәрсе, көніп отырып сұрайтын кеңшілік — льгота. Бұларды толымды, сыйымды дәлелмен үкіметтен сұрау керек», — деп жазады.
Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің 1914 жылғы № 48 санында Ахмет Байтұрсыновтың мақаласында: « Қазіргі қазақ мәселесінің ең зары — жер мәселесі. Бұл турасынан түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз 5 млн адамның обалын мойнымызға жүктейміз. Сондықтан да қазаққа ақыл айтқанымыз, анықтап ашып сөйлескеніміз дұрыс»-деген еді. Қазақ халқы Алаш партиясының құрылғанын, ел ішінде және бүкіл Ресейде қандай саяси оқиғалар болып жатқанын «Қазақ» газеті арқылы біліп отырды.
1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газеті 26 рет жабылды, ал Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше рет тұтқындалды. Газеттің соңғы нөмірлеріндегі жарияланымдар шығарушылардың келешекке үлкен сеніммен қарағандығын көрсетеді. Алайда билік басына келген большевиктердің келуімен алдымен «Қазақ» газеті жабылды. Ақырында қазақтың қамы үшін ұлт зияларының бәрі атылып, аман қалғаны сотталып кетті.
Газет әлденеше рет жабылып, қайта тіріліп, шығынданып, сотталып жатса да көздеген мақсатын түгелімен орындады деп тұжырым жасауға болады. Тіпті кейде бұдан да шығыңқырап, әлемдік ой-пікірге азық болар мәселені де қозғап кеткен сәттері бар.
Сын сағатта туып, Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық алдындағы өз міндетін толық орындады. Біріншіден, сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айнасы болды. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының шамшырағына айналған, еуропалық үлгідегі ұлттық–демократиялық мемлекеттік құрылымның үлгісін көрсеткен Алашорда үкіметінің саяси үнқағазына айналды. Үшіншіден, қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті.
Ахаңның жүріп өткен жолы тіпті де оңай болмағанын азын-аулақ деректерден-ақ байқауға болар. Қит етсе түрмеге жабу, бостандықта жүргенінің өзінде үнемі аңдуда, тексерісте болу. Тіпті басқан қадамын былай қойып, ашқан аузын, жазған сөзін бағып, қия бастырмай тұншықтыруға шыдау үшін адамға қандай күш, жігер, қайрат керек. Өстіп жүріп, тығырықта өмір кешсе де Ахаң елім, жерім, халқым деп тыныстауын бір сәтке де тоқтатпаған, ол ел мүддесіне жарарлық, халық санасын ашарлық қыруар дүниені берді. Бұл ел деп соққан үлкен жүректің ыстық махаббатынан ғана туындайтын қазына.
Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі әлі де жан-жақты зерделеп, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана оның ақыл-парасат әлемі, оқыған-тоқыған білім өресі, қаламгерлік машығы мен қайраткерлік қалыбының басқа да сыр-сипаттары ашылары анық.
Алтын АСҚАР