ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫ. «ҰЛЫ ДАЛА» АТАУЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ
2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті.
Қазақ хандығының құрылуы – мыңжылдықтарға созылған қазақ халқының мемлекеттігін қалыптастыру жолындағы тарихи шешуші оқиға болды.
Мерекеде түрік және қазақ тарихынан көптеген даңқты батырлар тұлғасын сахнаға шығарған кең панорамалы көріністер ұсынылды. Ұлы ата-бабаларымыздың Ұлы рухы алдында барлық буын ұрпақтары тағзым етеді,
олардың мемлекеттілігімізді сақтап қалу жолында атқарған ерлік істері ешқашан да ұмытылмайды.
Дәл осы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау кезінде Елбасы, біздің қасиетті жерімізді ерте замандарда Ұлы дала деп атағанын, ал бізді – Ұлы дала перзенттері дегенін ел есіне түсірді.
Осынау үндескен атауда халықтың мінез-құлқы, оның жан-дүниесінің ашықтығы мен кеңдігі, қонақжайлылығы мен бейбітшіліксүйгіштігі, даналығы мен ойшылдығы, еңбекқорлығы мен өз күшіне сенімділігі таңбаланып қалғандай. Н.Назарбаев осы бейне әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатынына және бүкіл әлемге танылатынына сенім білдірді.
Ұлы Дала Елі – ұлттық тарихымыздың мыңжылдықтары мен Тәуелсіздіктің ұлы жетістіктерін ұштастырып жатыр. 2016 жылы қаңтар айында халық алдында сөйлеген сөзінде Елбасы қол жеткізген табыстарымызды толық негізде
мақтанышпен атады. «Біз көптеген сынақтардан абыроймен өттік, шыңдалдық, рухымыз бекіді. Біз Ұлы Дала Елі – жаңа Қазақстанды – Ұлы даланың жаңарған Елін құрдық» деді мақтанышпен.