ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ — ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТТІҢ БІР БӨЛШЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек. Бұл жоба нені көздейді? Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі — ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс», — деп жазды.

Қазақ халқы мәдениеті бай халық. Бұған куә қазақ халқының кең даласынан шыққан ғұламалар, ақындар мен би, шешендер. Тіпті бұған куә шет ел саяхатшылары мен жазушыларының сөздері. Мысалға польшалық этнограф Адольф Янушковичтің сөздерін келтіруге болады: «Мейрам кезінде мен алғаш үленшіні естуге  мүмкіндігім туды. Осы қазақ сал-серілері,дала жыршылары, ұлы ақындарының қазақтарға тән суырыпсалма өнері мен орындаушылық қабілеті, бұл халықтың  ақыл-ой қабілеттілігінің жоғарылығының дәлелі болып табылады. Және де мен, осының барлығын әлем жабайы деп санайтын дала халықтарынан естіп тұрмын ғой деп таңғалдым. Мен екі тайпа арасындағы дау-жанжалдардың  куәсі болдым және ешқашан Демосфен мен Цицерон жайлы естімеген ділмарларға  таңдана қошемет көрсеттім.Ал бүгін менің алдымда хат танымайтын, бірақ мені өз өнерлерімен таңдандырып отырған ақындар өнер көрсетуде, олардың  өлеңдері, әндері менің жүрегімді билеп алды. Осындай халыққа болашағы жоқ  малшы болу ғана жазылғанба? О, жоқ! Шынымен-ақ! Құдай бұндай қабілет берген халық өркениеттен тыс қалуы мүмкін емес: өркениет қашан да болсын қазақ далаларына келіп, білім шам-шырағын жағады. Уақыты келгенде бүгінгі көшпелі қазақ қазір оның төбесінен қарап отырғандармен тең дәрежеде болып, солардың қатарында отырары анық». Ия, расымен-ақ қазіргі заманда қазақ сол дәрежеге жеткендей-ақ. Бұның барлығы ұлы халықтың мәдениеті мен таланты, ақыл-ойының ұшқырлығының арқасы.  Сөзімді еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен қорытындылағым келеді. Олар қазақ   «Салынған жол, тұрғызылған ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді. Ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап, ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата – бабаларымыздың тарихи – мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік».Бүгінде мұндай тоқтамға, яғни өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, ата дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан орта мерзімді мемлекеттік 2004-2006, 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдаған тұңғыш ел.

Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Өз еліңнің мәдени мұрасына ұқыпты қарау мен басқа мәдениеттің құнды элементтерін қабылдау – адамзат өркениеті дамуының сара жолы.