Қазақ неге өз жерінде өгей?

Біз немерем екеуміз далаға шығып, таза ауа жұтып қыдыруды әдетке  айналдырғанбыз.

Бірде немерем:

– Ата, қазақтар неге баспанасыз және тұрмыстары неге жұпыны? – деп сұрады.

– Жұмыссыз адамның тұрмысы енді қалай болуы керек еді? – деп мен қарсы сауал қойдым.

– Қазақтар неге жұмыссыз? – деді немерем өз кезегінде.

– Еее… қарағым, бұл кеселдің себебі әріде жатыр, – деп күрсіндім мен, – бұл ғасырлар бойы қазақты бодандықта ұстаған озбыр ұлттың көрсеткен құлдығының, соның жат тєрбиесінің салдары ғой.  Билеуші  ұлтқа  қазақтың  жері мен  байлығы ғана керек еді, қазақ халқы оған тек жұмыс қолы (құл) ретінде ғана керек болды.

Қазақ жерінің байлығына ие болу үшін оларға айдағанға жүретін, илегенге көнетін надан тобыр қажет еді. Сондықтан қазақ халқы өте қатал адам төзгісіз қанауға, сонымен қатар ең зұлым рухани қанауға түсті. Қазақты рухынан, тілінен айырды. Сөйтіп ол тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білмейтін мәңгүртке айналды.

Міне, сөйтіп қазақтар ұлттық тәрбие, салт-дәстүрден жұрдай керенау ұлтқа айналды. Осының ызғары болар, қазіргі кезде ата-аналардың көпшілігі балаларының тәрбиесімен айналыспайды, сондықтан қандастарымыз мектепте дұрыс оқымайды, өз беттерімен жүреді нәтижесінде олар білімсіз, тәрбиесіз. Білімсіз адамды ешкім жұмысқа алмайды, себебі  жұмыс берушілерге білімді, білікті мамандар қажет. Ал жұмыссыз, табыссыз адамда баспана қайдан болсын?

Білімсіз, тәрбиесіз адам ұлттық дәстүрден, мәдениеттен бейхабар, ол ұлтының тарихын білмейді. Өйткені ата-анасы жас кезінен оның санасына ұлттық дәстүрді, мәдениетті сіңірмеген. Ол меңіреу өзінің қараңғылығынан, ата-бабасы қандай ержүрек, батыр болғанын, осынау кең-байтақ жерді көк найзаның үшімен, ақ семсердің жүзімен жаулардан қорғап қалғанынан мақұрым. Ол бейбақ өз қандастарының арасынан ұлы, әлемге әйгілі адамдар шықанынан да бейхабар.

Надан адам өзінің ұлттық тілін менсінбейді, оны құрметтемейді. Ұлттық  тәрбие көрмегендіктен, ол ана тілін білмейтін азғын мәңгүртке айналады. Ұлттық езгінің құрбаны болған мәңгүрт бейшара орысша тәрбиеленіп, сол тілде ақпарат алады, ал өз тілінде оқи алмағандықтан, төл тарихынан, мәдениетінен, дәстүрінен мақұрым қалады. Егер отаршылдық саясаттың мақсаты билеуші ұлттың мәртебесін асырып, ал қаналушы ұлтты төмендету, жасыту  екенін ескерсек, әрине, төл мәдениетінен бейхабар мәңгүрт бейшара басқа ұлттың мәдениетін мойындап, соны дәріптейді. Мамандардың пайымдауынша, адам өзі оқитын, сөйлейтін тілдің иесі болып табылатын ұлтқа рухани жақын және сол ұлттың өкілі болады.

Өкінішке қарай, отбасында, білім беру ошақтарында, бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық тәрбие жүргізілмейді, соның салдарынан қазақтың баласы өз ұлтының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білмейді. Баланы жастайынан білімге, өнерге, спортқа, еңбекке баулу қажет.

Сорақысы сол, қазіргі кезде орысқа сіңіп кеткен төл сөзімізді қайта аударып жүрміз, мысалы: «таможня» бұл – «тамға» – «таңба», «белгі» деген мағанадан шыққан өзіміздің төл сөзіміз, ал біз оны «кеден» деп екінші рет аударамыз, сонымен қатар «мама», «папа» деген сөздер, олар біздің «баба» (папа), «мәмәдан» (мама) алынған. Ата-бабамыз әйелдің омырауын «мәмә» (мама) деп атаған – мамық, жұмсақ дегенді білдіреді. Ал біз оны өзіміздің қараңғылығымызбен «апа» деп қайта аударамыз, қазақ жасы келген әйелді солай атайды. Масқара болғанда, топас, қараңғы қазақтар орысша сөйлемейтін қандастарын «мәмбет», «мамба» деп мазақ қылады. Ол надандардың «мәмбет» – Мұхаммед пайғамбардың қазақша мағынасы екені ойларына да кірмейді.

Сондай-ақ ана тілін менсінбей, орыс тілінде шүлдірлеп жүрген малғұндардың, олар дәріптеп жүрген Ресей елдімекендері атауларының басым көпшілігі түрік тілінде екенін, естеріне түсіргім келеді. Айталық, Алтай, Байкөл (Байкал), Сулы жер (Сибирь), Орынбор (Оренбург), Сары тау (Саратов), Есентоқа (Есентуки), Енесай (Енисей), тағы басқалары, — деп түсіндірдім.

– Ата, қазақтар неге жаяу кісіге арналған тротуармен жүрмей, көлік жүретін жолмен жүреді және олар жүріп бара жатқан машинаны жібермей, оның алдынан жанталасып жүгіріп өтеді? — деп сұрады немерем.

– Шырағым, ол тағы да сол тәрбиесіздік пен санасыздықтан туады. Байқайтын болсаң, хайуан да жүріп келе жатқан көліктің алдына қарай жүгіреді, өйткені оның санасы жоқ, ол мақұлыққа тән инстинкке бағынады.

– Қандастарымыз неге шығатын есіктен кіріп, кіретін есіктен шығады және неге жолда адамға қарсы жүреді? – деп немерем тағы да сауалын жалғастырды.

– Бұл – тағы да сол тәрбиесіздікпен қараңғылықтың салқыны, өйткені ол бейбақтар отбасында, мектепте ондай тәрбие алмаған. Ол надандар біздің елде жол жүрісі оң жақтан (правостороннее движение) екенін білмейді. Сондықтан, балам, жолдың оң жағымен жүру керек, – деп сөзімді түйіндедім мен.

http://www.qamshy.kz