ҚАЗАҚ ТІЛДІ МЕКТЕПТЕР 85 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ
Өткен ғасырда ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсарин «Қазақ тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе» деп еді. Еліміз тәуелсіздік жолының отызыншы жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде тіліміздің қазіргі жайы қалай екенін білуге тырыстық.
«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Әрі ол- ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да»
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл — қазақ тіліне конституциялық мәртебе берілген. Бүгінгі қазақ тілінің қолданыс аясын танығымыз келсе, төмендегі мәліметке көз жүгіртсек жетеді. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқытатын 965 мектеп іске қосылып, жалпы саны 3733-ке жеткен. Бұл жалпы мектептердің 54%-ына тең. 1991 жылы қазақ мектептерінің саны 2768 болатын. 30 жылда қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі 32 %-дан 66 %-ға артқан. Биыл мектеп қабырғасында білім алатын 3,6 млн баланың 2 223 455-і мемлекеттік тілде сабақ оқиды деген сөз. «Ана тілінде оқитын ұлты қазақ балаларының саны бүгінгі таңда 85%-ды құрайды. Мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың саны — 2 568 068. Олардың 2 173 141-і қазақ тілінде оқиды», — делінген ведомствоның мәліметінде.
Міне, біраз уақыт бұрын «қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр», «Тілі жойылған ұлттың өзі де жоғалады» деп жігерді құм қылып, салымызды суға кетіретін күндер алыста қалды. Қазақ тілінде оқып, сауатын ашып өскен жас ұрпақ барда тіліміз де жасай бермек!
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ