ҚАЗАҚ ТІЛІ — РУХАНИ НЕГІЗІМІЗ
Туған тілге жанашырлық танытқан жұртшылықтың осындай күдік-күмәнін халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі Елб,асымыздың: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», деген сөзі сейілтіп жібергені әлі есімізде.
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн», деген еді Елбасы «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында.
Бұдан шығатын түйін біреу-ақ: қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ең бірінші орында дамып-өркендей береді. Яғни, мемлекеттік тіл ағылшын мен орыс тілін өзінің көлеңкесінде ұстап, ығына ығыстырып, үш тұғырдың ең үстінде тұрады. Сөзі мен ісі бір жерден табылатын Елбасы мемлекеттік тілдің ең басты жанашыры екенін үнемі дәлелдеп келеді. «Үш тұғырлы тіл» саясаты әлемдегі дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен егемен еліміздің еңселі ертеңі үшін аса маңызды екені ескеріле отырып, бүгінде үш тілдің ішінде қазақ тіліне айрықша басымдық берілуде. Десек те, үш тұғырлы тіл саясатының сара жолы ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін үнемі арттырып отыратынын басты назарда ұстаған жөн.
Елбасы 2007 жылғы Жолдауында тілдердің үш тұғырлылығы атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынғаны мәлім. Оның басты мұраты – Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Демек, мемлекеттік тілді дамыта отырып, орыс тіліне қолдау көрсетеміз, ағылшын тілін үйренеміз. Жедел қарқынмен дамып-өзгеріп жатқан бүгінгі заманда, тілдің үштұғырлылығы саясаты жаһандану талаптарына төтеп беруді міндеттейді. Біздің елдегі үштұғырлы тіл – Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуының кепілі әрі мүмкіндігі.