ҚАЗАҚСТАН – АЛҒАШҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЕҢСЕРГЕН ЖАСАМПАЗ ЕЛ

1990-шы жылдардың бірінші жартысы бүкіл ел үшін қиындыққа толы ізденістер мен ауыр шешімдер жылы болды. Жігерленіп, пессимизмге бой алдырмауға тырысқан Қазақстан өзінің бірден-бір сенімді жолын тапты.Біздің жалпы жүйелі және мақсатты әрекеттеріміздің нәтижесінде 1995  жылы тұрақтылық пен экономиканың сауықтырудың алғашқы белгілері байқала бастады.

Ел тәуелсіздік алған кезден бастап тұңғыш рет өнеркәсіп өндірісінің өсімі басталды. 1995 жылы өнеркәсіп 13 процентке өсті. Сыртқы саудада жағымды сауда балансына қол жетті.

Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсарғанын қазақстандықтардың есепшотындағы ақша салымдарының өсу үрдісі дәлелдеді. 1995 жылы тұрғындардың банк салымдары 5-тен 12 миллиард теңгеге дейін өсті.

1995 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы реформаның бірінші кезеңінің алдын ала қорытындыларын жасады. Іс жүзінде бір қаржылық жылда Қазақстан гиперинфляция сияқты қатерлі экономикалық сынақтан өте алды. Тәуелсіздіктің ұлттық валюта сынды маңызды рәмізін енгізумен қатар оның сенімділігіне, тұрақтылығы мен сәтті айналымына қолымыз жетті. Сол арқылы отандық экономиканың өзіндік келбетін білдіретін, экспорттық секторды қалыптастыратын, әлімдік нарыққа шығатын арна ашумен қоса, біздің жетекші кәсіпорындарымыздың экономикалық құрдымға түсуін тоқтата алдық. Қазақстан шетелдік капитал, инвестициялар,технологиялар, экономикалық жаңалықтар мен әлемдік шаруашылық тәжірибе үшін анағұрлым тартымды бола бастады.

Осы жылдар ішіндегі барша әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, олардан өту процесінде тәуелсіз Қазақстан өз болашағына сенімді еді.