«ҚАЗАҚСТАН — БАСҚА ЕЛДЕР ҮШІН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ДАМУДЫҢ ҮЛГІСІ»
Н.Назарбаев 2000-шы жылдардың басынан бастап, Ассамблеяға конституциялық мәртебе беруге бекіді және оның уақыты конституциялық реформамен бір кезеңде келуі де қисынды еді.
Елдегі Негізгі заң реформасынан соң Қазақстан халықтары Ассамблеясының мәртебесі конституциялық деңгейге дейін көтерілді. 2007 жылдың 20 тамызы ҚХА үшін ерекше күн болды. Сол күні Ассамблея тұңғыш рет Парламент Мәжілісіне 9 депутатын сайлады. ҚХА-дан сайланған депутаттардың басынан бастап Ассамблеяның мүддесін елдегі барлық этностардың мүдделерінің жиынтығы ретінде қабылдауы маңызды болатын. Оның үстіне Сенаттағы алты президенттік квота да ҚХА-мен келіскеннен кейін тағайындалатын болды. Бұрын Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деп аталатын бірлестіктің 2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталуы қазақстандық этностар бірлігінің символдық көрсеткіші болды. Бірігу жүзеге асты.
2000 жылдары қазақстандық этностардың мәдени ерекшеліктерін сақтауға қажетті қадамдар жасалды. Дамыған этномәдени инфрақұрылым құрылды. Тек 2006–2008 жылдары ғана этностық саланы дамытуға 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінді, ол 1998–2000 жылдардағыдан он есе көп болатын. Азаматтық қоғамның маңызды секторы саналатын этномәдени бірлестіктер саны 300-ден 800-ге дейін өсті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң 2008 жылдың қазанында қабылданды. Осының бәрінің арқасында ҚХА – елдегі саяси және қоғамдық өмірдің толыққанды субъектісі болды.
Мемлкекеттің ашық, жалғастық әрекеттері мен халықтың қолдауының арқасында құрылған жалпыұлттық келісімнің қазақстандық үлгісі жұмыс істеді және дамыды. Жаңа ғасырдың басында этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі әлемнің көптеген елдері үшін тартымды
әрі пайдалы бола алатын қазақстандық жаңалық деп танылды.
2002 жылдың қазанында БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды әлемнің басқа елдері үшін тұрақтылық пен дамудың үлгісі деп атады. Соңынан мұндай бағалаулар бірнеше рет айтылды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Кеңес сияқты шешуші халықаралық ұйымдар қазақстандық үлгінің құндылығын мойындап, оның тиімділігін жоғары бағалады. Сыни онжылдық – Қазақстан халқы үшін жалпыұлттық бірліктің, келісім мен дамудың онжылдығы болды.